Тұрғындар тегін тексерістен өтті

Сəуір айынан бастап еліміздің барлық аймақтарына арнайы жабдықталған медициналық пойыз барып жатқаны мəлім. «Саламатты Қазақстан» деп аталатын сол пойыз Ұлытау облысының ауылдарын да аралап өтті. Өткен аптада ғана «Жəрдем» медициналық пойызы Ұлытау ауданының Қарсақбай кентіне келді.

Осы бір оңтайлы сəтті Ақтас кенті мен Пионер ауылының тұрғындары да пайдаланып қалды. Олар арнайы көлікпен Қарсақбай кентіне жетіп, ақ желеңділердің көшпелі бақылауында дəрігерлік тексеруден өтіп, тиісті кеңестер алды.

Орайы келгенде айта кетейік, «Жəрдем» медициналық пойызы заманауи диагностикалық жəне медициналық жабдықтармен (УДЗ, флюорография жəне т.б.), шағын операциялық бөлме, зертхана интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған.

Жобаның мақсаты шалғайдағы тұрғындарға медицина саласының білікті мамандарынан (терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дəрігері, хирург, уролог, маммолог, педиатр, психолог) тегін тексеруден жəне емдеуден өтуді қамтамасыз ету.

Көшпелі жоба шеңберінде кəсіби жəне тəжірибелі медиаторлар мен заңгерлер шалғай станцияларда тұратын азаматтарға тиімді медиациялық, психологиялық, құқықтық жəне медиативті (татуластық) көмек көрсету қызметтерін де тегін ұсынды.

АҚТАС кенті.