Түпкі меже – халық денсаулығын жақсарту
Елімізде халықтың әл-ауқатын, денсаулығын жақсарту, кез-келген сырқаттың алдын алу – күн тәртібінде тұрған мәселе. Өйткені, жан мен тәннің саулығы ел дамуының айнасы. «Денсаулық – зор байлық» демекші, бүгінгі күні денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында медициналық қызмет көрсету саласына бірқатар міндеттер жүктеліп отыр.
Осы жұмыстардың орындалысын білу мақсатында Ұлытау ауданының ауруханасы директорының міндетін атқарушы Мирлан ОМАРОВПЕН сұхбаттасқан едік…
– Мирлан Сәдірұлы, сауал қоймас бұрын Сізді және сіздің ұжымыңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Енді әңгіменің әлқиссасын медицина саласында жүргізіліп жатқан жұмыстардан бастасақ…
– Аудан бойынша медицина саласында бірқатар жұмыстар жасалып жатыр. Өңір медицинасын дамыту мақсатында жаңа жобалар қолға алынып, іске аса бастады. Мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірімізде түрлі медициналық нысандар бой көтерді. Осының бәрі халықтың денсаулығын жақсарту, сырқаттың алдын алу, науқастарға қолайлы жағдай жасау мақсатында іске асып отырған жұмыстар. Қазіргі таңда Сарысу ауылынан жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Бір ауысымда 25 келушіге шақталған – ФАП. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарлама аясында салынды. Осы типтес жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер Терісаққан, Қаракеңгір, Мибұлақ, Борсеңгір, Қарақұм, Байқоңыр елді мекендерінде де салынып, өткен жылы пайдалануға берілген. Бұлардың бәрі заманауи үлгіде салынған жаңа нысандар. Заман талабына сай жабдықталған, көзге көрнекті. Сондай-ақ, Айыртау мен Ақтас елді мекендеріндегі салынған медициналық пункттер былтырғы жылы қолданысқа беріліп, қазір жұмыстарын бастап жатыр.
Ал, ең үлкен нысан Ұлытау ауданы орталығындағы 20 төсек орындық, 100 келушіге арналып салынған жаңа аурухана ғимараты. Аталған нысанның құрылысы биыл аяқталып, жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Бұдан бөлек, Егінді, Шеңбер, Алғабас ауылдарында да фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып жатыр. Дәл қазір құрылыс жұмыстарының 40 пайызы аяқталды. Сәтін салса, осы жылдың соңына қарай қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Алдағы күні Аманкелді ауылында да фельдшерлік-акушерлік пункт салынады. Қазіргі кезеңде жобалау-сметалық құжаттары дайындалу үстінде.
– Негізі, Сіздердің міндеттеріңіз халықтың денсаулығын жақсарту ғой. Осы тұрғыдан алғанда, аудандық медицинаның қазіргі жайы қалай?
– Аудан бойынша халыққа медициналық қызмет көрсету ойдағыдай жүріп жатыр. Жалпы ауданда 2 стационар бар. Біреуі аудан орталығында, екіншісі Жездіде. Сонымен қатар, бір клиникалық-диагностикалық емхана жұмыс істейді. Алты отбасылық дәрігерлік амбулатория өз деңгейінде жұмыс істеп тұр. Аудан орталығындағы ауруханада 165 адам жұмыс жасайды. Соның 13-і жоғары білімді дәрігерлер. Орта медицина қызметкерлері – 70, кіші буын мамандары – 20, техперсонал – 62 адам.
Ең басты мақсатымыз халықтың денсаулығын жақсарту ғой. Бүгінгі күні халыққа медициналық қызмет көрсету жолында жұмыстар жасалып жатыр. Ауданда жылжымалы стоматология бөлмесі және клиникалық зертхана жұмыс істейді. Сонымен қатар, травматолог, хирург, эндокринолог, педиатр, акушер-гинеколог, күндізгі стационар, физиотерапиялық емшаралар қалыпты деңгейде жұмыс жасауда.
Тағы бір айта кетерлігі, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен денсаулық сақтау саласының мәселелерін шешу үшін Қазақстан халқына арнап қоғамдық қор құрылған болатын. Осы қордың көмегімен аудандық медицинаны жақсарту мақсатында телемедицинаны қажетті аппараттармен қамту жоспарланып отыр. Енді жыл соңына дейін заман талабына сай заманауи аппараттармен жабдықтаймыз. Қазір осы бағытта жұмыстар жасалып жатыр.
Өткен жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасына арнайы хатпен шығып, 8 санитарлық-автотранспортқа өтініш берген едік. Соның екеуін 2024 жылы алдық. Жаңадан алынған санитарлық көліктерді шалғайда орналасқан Терісаққан және Қоскөл елді мекендеріне берген болатынбыз. Биыл тағы да көліктерге тапсырыс беріп қойдық. Жыл аяғына дейін 2 жедел жәрдем көлігін алып қалуымыз мүмкін.
– Мирлан Сәдірұлы, медицина мамандарының біліктілігін арттыру жағы қай деңгейде?
– Біздің мамандар уақытылы курстарға барып, білімдерін жетілдіріп отырады. Жыл сайын жоғары оқу орындарына, медициналық білім беру орталықтарына біліктіліктерін арттыру мақсатында курстарға жіберіледі. Медицина қызметкерлерін оқыту біліктілігі мен санатын көтеру, тәжірибе алмасу бойынша арнайы күнтізбелік жоспар құрылған. Бүгінгі таңда білімін жетілдіру үшін медицина мамандарына көмек берілуде. Өйткені, курстар ақылы. Оларға төленетін төлемақы өзіміздің мекемеден төленеді. Бұл мәселелерге қаражаттар қарастырылып қойылған. Бұл жағынан дәрігерлер ешқандай алаңдамаса да болады.
– Алдағы жоспарларыңызбен де бөлісе отырсаңыз…
– Бізге халықтың денсаулығын қорғау, өмір сүру ұзақтығын арттыру, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын нығайту, оны уақытылы орындау – алда тұрған міндет. Дәл қазір осы бағыттағы бағдарламаларды дер кезінде жүзеге асыру үшін жұмыстар жасалып жатыр.
– Әңгіме түйінделер тұста, медицина қызметкерлерін мерекесімен құттықтап, өз лебізіңді білдіре кетсеңіз…
– Ұлытау ауданының медицина қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтаймын. Баршаңызға ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Қайрат ЖҰМАБАЙ.