Тәлімгер токарь
Ауданымыздағы іргелі өндіріс ошағы – Қарсақбай мыс қорыту зауыты бүгінде ырғақты жұмыс істеп, кент тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуда. Қазіргі таңда кенттің алпысқа тарта тұрғыны осы өндіріс орнында нәпақа тауып жүр. Кәсіпорын жұмысының ілгерілеп, өнім көлемінің артуына мұндағы қарапайым еңбек адамдарының үлесі зор. Солардың бірі – Оразалы ЖАНӘДІЛОВ.
Зауытта отыз жыл тұрақты жұмыс істеген Оразалы қазір өз кәсібінің қыр-сырын жақсы біледі. «Жақсы біледі» дегеніміз бергі жағы. Ол бүгінде жастарға тәлімгер болып, мықты токарьлар тәрбиелеп жүр.
1989 жылы Қарсақбай металлургия зауытына үйренуші токарь болып келген Оразалы Жанәділов өз ісін алғашқы күннен сүйінішпен бастаған еді. Сол кездегі тәлімгері Серік Аманқұловтың айтқанын қалт жібермей ұғынып, көрсеткенін мінсіз қайталауға бар ерік-жігерін жұмсады. Содан бері өндірістен қол үзген емес. Өз мамандығына әбден төселген соң жастарға тәлім-тәрбие беріп, ағалық қамқорлығын көрсетіп келеді.
Ол жұмысты адал атқарып өзгелерден де соны талап етеді. Өндірістің қыр-сырын алдыңғы толқын ағалардан үйреніп, көңілге түйгендерін жастарға үйретуден бір жалыққан емес. Цех ұжымына талғамы биік, өз міндеттерін мінсіз атқаратын, қауіпсіздік техникасын басты назарға ала отырып, жұмыс жоспарын орындап, өзгелерге үлгі болатындай мамандарды топтастыра білді. Оразалы зауытқа келген жастарға өз саласының нағыз маманы болу үшін ең алдымен алған білімді өндіріспен ұштастыру керек екенін үнемі айтып отырады. –
Сексенінші жылдардың соңында зауытқа слесарь болып келдім. Слесарь болып жүріп токарьлықты меңгеруге тырыстым. Қазіргідей емес, ол уақытта технология басқаша болғандықтан, жұмыс ауыр болатын. Бірақ қиындықтарға шыдап, еңбекте озат болуға тырыстық. Ал қазіргі жастардың басым бөлігі еңбекақысы жоғары болмаса, жұмыс істегісі келмейді. Ауыр жұмыстан қашады. Әрине, жастарды да түсінуге болады. Бірақ жан қиналмай, жақсы табысқа қол жеткізу мүмкін емес. Ал, зауытта ерінбей еңбек еткен адам ескерусіз қалмайды, – дейді Оразалы.