Түлектер тартуы – туған жерге тағзым
Соңғы жылдары еліміздің әр аймағында мектеп түлектерінің туған жеріне қамқорлық танытып, игі істерге бастамашы болуы дәстүрге айналып келеді. Мұндай шаралар – тек материалдық қолдау ғана емес, сонымен қатар туған жерге деген перзенттік махаббаттың, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Осындай өнегелі істің жарқын үлгісі ретінде Ұлытау ауданы №1 Ұлытау орта мектебінің 20 жыл бұрынғы түлектерінің тартуын атап өтуге болады.
Аталған түлектер өздерінің туған жеріне деген құрметін заманауи үлгідегі, ерекше дизайнмен жасалған фотозона-стелла орнату арқылы білдірді. Тау етегіндегі көрікті жерге салынған бұл нысан ауыл шырайын айшықтап, тұрғындар мен қонақтар үшін жаңа көрікті орынға айналды.
Жаңа нысанның салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Алмат Сакипов, ардагерлер кеңесінің мүшелері, мектеп ұстаздары мен ауыл тұрғындары қатысты. Қатысушылар түлектердің бастамасына алғыстарын білдіріп, мұндай игі шаралардың жастар тәрбиесіне де оң ықпал ететінін атап өтті.
Металдан жасалып, ауа райының кез келген жағдайына төтеп беретін бояумен сырланған стелла ерекше сәндік оюлармен көркемделіп, мықты тұғырға орнықты. Оның негізі 15 см қалың бетонмен бекітіліп, айналасы жасанды газонмен көмкерілген. Жарықтандыру жүйесі де назардан тыс қалмаған – кешкілік уақытта демалушылар мен суретке түсушілерге қолайлы жағдай жасалған. Екі прожектор шамы стелла маңын жарыққа бөлеп тұрады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тарту – тек бір күндік қуаныш емес, ұзақ мерзімді рухани және мәдени маңызы бар жоба. Олар өз сөзінде: “Туған жерге тағзым – әр азаматтың парызы. Тек ауылымыз емес, аудан көлемінде де 10, 15, 20, 30 жылдық түлектер осындай нысандар салып жатса, ауылдарымыз гүлденіп, елдің еңсесі биіктей түсетіні анық. Біз өз үлесімізді осылай білдірдік” – деді.
Бұл бастама – ауылдың туристік әлеуетін арттыруға да сеп болмақ. Себебі заманауи, көз тартарлық стелла – қонақтардың қызығушылығын оятып, туған өлке туралы жағымды пікір қалыптастыруға әсер етеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.