Түлектер тартуы

Жыл сайын оқу жылы аяқталған тұста мектеп бітіргендеріне 10 жыл, 20 жыл, 50 жыл толған түлектер туған жеріне, алтын ұя мектебінде ерекше ықыластарын білдіріп жатады. Түлектердің кіндік қаны тамған ауылының көркейіп-көріктенуіне үлес қосуы тамаша дәстүрге айналған. Биыл да жылдағы дәстүр бойынша қарашаңырақ Байқоңыр мектебінің түлектері туған жеріне тарту жасап көпке үлгі бола білді. Биылғы оқу жылында 50 жылдық, 20 жылдық түлектер жан-жақтан ардагер ұстаздары Айман Әбілова, Зәуреш Әбдіқалықова, Мауия Молдабергенова, Балғын Нұғманованың арнайы салтанатты жиынға келіп, ауылға, елге деген құрметтерін көрсетті.

50 жылдық түлектердің бастамасымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сан шәкіртке бағыт берген, жүрегімен бала оқытқан ұлағатты ұстаз, «Қазақ ССР» халық ағарту ісінің озық қызметкері, ұстаздардың ұстазы Стамқұлов Әлирахман атындағы қазақ тілі мен әдбиеті пәндік кабинеті ашылды. Кабинет ішін құны 1 млн 560 тг көлемінде заманауи жабдықтармен жабдықтады. /1интербелсенді тақта, 6 парта, 12 орындық, тақырыптық стенд/ Ал, ұстаздың өз ұрпақтары терезе жалюздері мен ұстазға арналған бұрышты жабдықтады. Кабинеттің ресми ашылу лентасын 50 жылдық түлектер Мәлік Ғабсаттарұлы мен Бақыткүл Тәукенқызы қиып, шашу шашылды.
Әлирахман ұстаз – тек пән мұғалімі ғана емес, оқушыға өмірлік бағыт берген шынайы тәрбиеші, адамгершіліктің айнасы еді. Бұл кабинет – сол асыл бейненің, рухани мұраның жалғасы. Асыл ұстаздың атымен аталатын бұл кабинет – ұлттық құндылықты ұлықтайтын рухани орда болсын деген ниетпен ұйымдастырушылар атынан Қанат Қазанбайұлы мен Ұлжалғас Бөлтірікқызы жылы лебіздерін білдіріп, жүрекжарды тілектерін жеткізді. Игі іс-шара «Бекіш Күзеков» атындағы мектеп мұражайының ішінен майдангер ұстаз, Ұлы отан соғысының ардагері Бимағанбетов Кенжемұрат ұстазға арнайы «Майдангер ұстаз есімі мәңгі есте!» тақырыбында қойылған бұрыштың ашылуына ұласты. Кенжемұрат Бимағанбетұлы 1936 жылдан бастап оқушылардың сауатын ашып, 39 жыл ұстаздық қызмет еткен майдангер ұстаз. Бұрышқа қойылған тақтаны 50 жылдық түлектер атынан мектеп түлегі, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік награда иегері, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгі иегері Гүлназия Байулова арнайы дайындап әкелді. Тақтаны Әділ Мүгірұлы мен Балқадиша Хамзеқызы ашып, Гүлназия Сабырқызы майдангер ұстаздың еңбегіне тоқталып, ұстаздың қиын уақытта жасаған еңбек жолдарын, алғаш өздеріне әріп үйретіп, бастауыш сыныпта оқытқан ұстазға деген зор құрметін көрсетті. Майдангер ұстазға бұрыш ашу Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келді. 20 жылдық түлектеріміз мектептің акт залын 600 мың теңге көлемінде жабдықтап берсе, 10 жылдық түлектер 100 мың теңгелік оқушылар су ішетін 2 кулер табыстады.
Бұл игі бастама – осы киелі білім ордасынан түлеп ұшқан шәкірттерінің жүрек қалауымен, ұстазға деген құрметтің, алғыстың нақты көрінісі. Сонымен қатар мектебіміздің оқушылары республикалық, облыстық, аудандық пән олимпиадаларына, ғылыми-жобаларға, шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, мектебіміздің мерейін асырып жүр. Оқушыларды ынталандыру мақсатында ардагер ұстаздар Кенжемұрат Бимағанбетов пен Үміткүл Кенжемұратқызының ұрпақтары 3 жылдан бері мектебіміздің дарынды оқушыларын арнайы шәкіртақымен марапаттайды. Биылғы оқу жылында Кенжемұрат Бимағанбетов атындағы 40.000 теңгелік шәкіртақы иегері Еңлік Қордабай. Үміткүл Кенжемұратқызы атындағы 30 мың теңгелік шәкіртақы иесі бастауыш сынып оқушысы Ботакөз Бекбол ие болды. Ал, Әлирахман Стамқұлов атындағы 50 мың теңгелік шәкіртақы иесі Бексұлтан Сламғали, 30 мың теңгелік шәкіртақы иесі Аңсаған Болат, 20 мың теңгелік шәкіртақы иесі Іңкәр Нұрғамыс болды. Шәкіртақы ережелері жылдың басында бекітіліп, ата-аналар мен оқушыларға таныстырылған. Мектептің барлық оқушысының жеткен жетістіктері өте көп. Байқау ережесіне сәйкес шығармашылық топ құрылып, жетістіктерге мониторинг жүргізіліп, қорытындысы бойынша жоғары ұпай алған оқушылар марапатталды. Оқушыларды ынталандыру мақсатында беріліп жатқан шәкіртақы алдағы жылы да жалғасын табады.
Бұл іс-шаралардан соң мектеп ұжымының ұйымдастыруымен, оқушылардың ата-әжелеріне, аға-апаларына арнап дайындаған «Ұстазға тағзым» әдеби монтажын тамашалады. Мектебімізде болып жатқан игі істерді үнемі қолдап, өзіндік үлесін қосып, ағалық қамқорлығын көрсетіп жүретін мектеп түлегі, бүгінде Есіл университетінің бірінші проректоры — академиялық мәселелер жөніндегі проректор, экономика ғылымдарының докторы, профессор Серік Мақыш ардагер ұстаздары мен мектеп түлектерін онлайн құттықтап, әсем әнін арнады.
Мектеп кезеңі, қайта келмес балалық шақ, сағынышқа толы оқушылық өмірлері көз алдарына келіп, әсерлі көңіл-күймен ардагер ұстаз Әлирахман ата ұрпақтарының берген құдайы асына қатысып тарасты. Бұл игі бастама – осы киелі білім ордасынан түлеп ұшқан шәкірттерінің жүрек қалауымен, ұстазға деген құрметтің, алғыстың нақты көрінісі.

Г.НАСЫРИТДИНОВА,
мұғалім.