Төл мереке – толайым табыс
Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы – материалдық өндірістің ең маңызды саласының бірі. Екі үлкен саладан: өсімдік және мал шаруашылығынан құралатын аграрлық сала, халықты азық-түлікпен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бұл саланың құрамына балық шаруашылығы, аңшылық және омарта шаруашылығы да кіреді. Ел экономикасын дамытуда аса маңызды рөл атқаратын аграрлық сала тоқырау жылдары көп күйзеліске түскені жасырын емес. Дегенмен, ауыл шаруашылығына қатысты дер кезінде жүргізілген жаңа реформалар өз нәтижесін берді. ҚР Үкіметі аграрлық секторға қомақты қаражат (субсидия, несие) бөлуінің арқасында, еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы дамудың даңғыл жолына түсті.
Ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласы да «тар жол, тайғақ кешуді» бастан өткерді. Мызғымас Кеңес Одағы кезіндегі іргелі кеңшарлар жаппай жабылып, иелігіндегі мемлекет меншігі жекешелендірудің «жемтігіне» айналды. Жекешелендіру саясатының салқыны аудан шаруашылықтарын да айналып өтпеді. Тек 2000 жылдардан бастап қана ауыл шаруашылығы саласында басталған жаңа реформалар оң нәтиже бере бастады. Шаруашылықтар біртіндеп өз аяқтарына тұрып, ауыл шаруашылық өнімдерін өндірудің көлемі артты. Аудан аумағындағы шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар ел экономикасының өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Биылғы әлемді жайлаған пандемияның салдарынан туындаған қиындықтарға, ауа райының қолайсыздығына қарамастан науқандық жұмыстарды ойдағыдай аяқтады. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында, біз ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағади Обайдуллинге жолығып, ауданымызда осы сала бойынша биылғы атқарылған жұмыстар жайлы айтып беруін өтінген едік.
– Жалпы алғанда ауданымыздың ауыл шаруашылығы еңбеккерлері биылғы төл мерекелерін лайықты табыстармен қарсы алып отыр. 2020 жылдың тоғыз айында ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы шығарылымы 15526,3 млн. теңгені (2019 жылы – 13570,9 млн.теңге) құрады. Биылғы қазан айында аудан бойынша ірі қара саны 51757 бас (2019 жылы – 49014 бас), жылқы 38261 (2019 жылы – 34631) бас, құс саны 8926 (2019 жылы 8213) бас болса, ұсақ мал 139985 (2019 жылы – 2019 жылы – 142265) басты құрады. Биылғы 9 ай қорытындысы бойынша нақты өнім көлеміне келсек, едәуір өсім байқалады. Тірі салмақта ет 7702,6 (2019 жылы – 7469,7) тонна, сүт өндіру 28361,7 (2019 жылы – 27646,5)тонна, ал жұмыртқа 770,2 мың (2019 жылы – 745,6 мың) дана өндірілді. Егін жинауда да ілгерілеушілік байқалады. Биыл көктемде тұқым сіңдірілген егістік алқаптың жалпы көлемі 26,0 га құраса, бау-бақша 12 га, картоп 43 га жерге отырғызылған болатын. Күзде өсімдік шаруашылығы бойынша 23,400 тонна өнім алынып, әр гектардың түсімі 9 ц/га (2019 жылы – 7ц/га) болды. Биылғы көрсеткіштерді бұрынғы жылдармен салыстырғанда көңіл көншітерлік деп білген жөн. Мұның сыртында, ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту мақсатында биыл 50 техника алу жоспарланған болатын. Соның 44 бірлік (88%) сатылып алынды. 2019 жылы 36 бірлік алынған еді. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 111,0 млн. теңгеге 340 бас ірі қара сатып алынды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 105 жоба мақұлданып, 380,5 млн. теңге (127%) алынды. Жайылымдарды суландыру бағдарламасы бойынша 45 ұңғыма қазу жоспарланса, бүгінгі күнге 62 ұңғыма қазылып, құжаттары жинақталуда. Сонымен қатар, 714,0 млн. теңгеге 238 дана күн сәулесі арқылы электр энергиясын беретін қондырғылар (2019 жылы – 358 бірлік) орнатылды. Аудан бойынша ірі қараны селекциялық асылдандыру жұмыстары жүргізілуде, — деді Сағади Сайлауұлы бізбен әңгімесінде.
Ауданның ауыл шаруашылық саласын басқарып отырған басшының сөзіне қарағанда, ауыл еңбеккерлері төл мерекелерін толайым табыстармен қарсы алған сыңайлы. Ендігі міндет – қаһарлы қыстан қысылмай, шығынсыз шығу! Қашаннан табиғаты қатал таулы өңірдің «тәубешіл» халқы, алдағы қыстан да аман-есен шығатынына сенгіміз келеді. Біз де өз тарапымыздан ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін төл мерекелерімен құттықтап, мықты денсаулық, толағай табыс, мол бақыт тілейміз.
Мерекелеріңізбен, дала ерлері!
Рахымжан Әденұлы.