Құтқарушылар құрметке бөленді
19 қазан – еліміздегі ең жауапты әрі қайсар мамандық иелерінің кәсіби мерекесі – Құтқарушылар күні. Биыл бұл күн Қазақстан Республикасының құтқару қызметінің 30 жылдық мерейлі белесімен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай Ұлытау ауданында салтанатты жиын өтіп, төтенше жағдайлар саласында абыройлы еңбек етіп жүрген құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің мерейі артты.

Іс-шараға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлер, сондай-ақ ардагер құтқарушылар қатысты. Салтанатты жиында аудан басшысы құтқарушыларға жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Құтқарушылар – қауіп пен қатердің қақ ортасында жүріп, адам өмірін арашалауға, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күш-жігерін арнайтын батыл жандар. Сіздердің табанды еңбектеріңіз, кәсіби шеберліктеріңіз және жанқиярлық істеріңіз – қоғам үшін үлкен құрметке лайық, – деп атап өтті Аманжол Батырбекұлы өз құттықтауында.
Өз кезегінде аудан әкімі бірқатар қызметкерлерге марапаттар мен Алғыс хаттар табыс етті. Атап айтқанда, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Медет Исмайлов, №5 Өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізушісі, азаматтық қорғау старшинасы Айбек Ивантай, Жезді кентіндегі №4 Өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Жасұлан Оразай Ұлытау ауданының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, Әлихан Әбдіқалық (№5 бөлімнің жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау сержанты), Еламан Тұрсынбаев (өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты), Серікболсын Ербол (өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты), Мақсат Байбосын (№4 бекеттің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты), Нұрлан Байманов (№4 бекеттің жүргізуші-қызметкері, азаматтық қорғау сержанты) аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Салтанатты жиында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай, кәсіби шеберлігі мен аудан тұрғындарының қауіпсіздігі жолындағы адал еңбегі үшін құтқарушыларға аудан әкімдігі тарапынан 200 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етілді.
Мерекелік жиын аудандық Мәдениет үйі өнерпаздарының патриоттық ән-шашуымен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бүгінгі таңда Ұлытау өңірінің құтқарушылары кез келген төтенше жағдай кезінде ел қауіпсіздігін сақтау, тұрғындарға көмек көрсету, табиғи және техногендік апаттардың алдын алу бағытында елеулі еңбек етіп келеді. Олардың қажырлы қызметі – бейбіт өмірдің, тыныш күннің кепілі.
Ізбасар ОЙБАС.
