Суағарлар қардан тазартылуда
Көктемнің лебі сезіліп, қардың да көбесі сөгіле бастады. Бұл өз алдына қауіпсіздік шараларын пысықтауға негіз болуда. Әсіресе, көктемгі су тасқынына әзірлікті осы бастан жасамаса, ертең опық жегізері анық.
Қазір ауданда осы бағытта жұмыстар қызу жүргізіліп жатыр. Көшелерді, суағарлар мен арықтарды қардан тазарту мақсатында арнайы кесте бекітілді. Коммуналдық шаруашылық саласының жұмыскерлері көше-көшеге бөлініп көше бойындағы суағар арықтар мен су өткізетін құбырларды тазарту жұмыстарын жүргізуде. Бұған әр мекемелер мен Ұжымдардың қызметкерлері де белсене қатысуда.
– Осы бірліктерінің арқасында олар тек қар тазалап қана қоймай, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін де айқын аңғартуда.
Жалпы, өзің тұрып жатқан жердің тазалығына, өркендеуіне үлес қосу – туған жерге деген қамқорлықтың бір белгісі. Осы ретте ауданның әр тұрғынын, әр кәсіпкерін өз ауласы мен айналасындағы қар күреу жұмыстарын ұйымдастыруға шақырамыз, – дейді ұйымдастырушылар.
Аманкелді АҚШАЛ.