Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілді қолдану – басты міндет
Қазақ зиялысы Мағжан ЖҰМАБАЕВ «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ», — деген екен. Осы тектес нақыл сөздер бір ғасыр бұрын айтылса да əлі де өзектілігін жойған жоқ.
Ата Заң – Конституция мемлекеттік тілдің мəртебесін көтеруге кепілдік береді. «Тіл туралы» Заңның 4-бабында «Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу жəне іс-қағаздарын жүргізу тілі», – деп атап көрсетілген. Қоғамның дамуымен қатар ана тілді сот саласында берік орнықтыру, оның беделін көтеру мақсатында жергілікті сот кеңселерінде тыңғылықты жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік тілдің мəртебесі арқылы халықтың сотқа деген сенімі, сот билігінің беделі артады. Жергілікті соттар кеңселері іс-қағаздарын мейлінше тек қазақ тілінде жүргізіп, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізудің сапасын арттыруда.
Ұлытау аудандық сотында мемлекеттік тілде қаралған істердің жалпы саны аз емес. Мемлекеттік органдардан, ұйым-кəсіпорындардан сотқа жүгінгенде яғни дауласушы тараптардың басым бөлігі қазақ тілінде сауатты арыз жазуды үйренген.
Жалпы, елін, жерін сүйетін əрбір азамат тіл жанашыры болуға тиіс.Тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайтынын əр перзент ұғынған жөн.
Ілияс ІРГЕБАЕВ,
Ұлытау аудандық соты төрағасының міндетін атқарушы.