СОНЫ СЕРПІН СЫЙЛАҒАН ФОРУМ
«Бұл ән басқа әндерден өзгерек» демекші, «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының басын қосып, келелі кеңес құруға негіз қалаған тұңғыш форумы шынымен де ерекше сипатымен есте қалды.
Сөзбұйдаға салмай, төтесінен тартсақ, аталмыш жиын қалың қауымның санасын сергітіп, жігерін жануға негіз қалады. Бұл – жеке менің ғана пікірім емес, басқосудың бел ортасында болған 3000-ға жуық азаматтың ортақ тұжырымы екені күмәнсіз.
Форумда сөйлеген сөзінде ҚР Парламенті Мәжіліс Төрағасы – партия Төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей,
«Біз әрдайым елмен біргеміз. Елдің қалың ортасында жүрміз. Халықтың сенімі бізге күш береді. Сол сенімнің арқасында, өткен сайлауда Мәжілісте де, мәслихаттарда да басым дауысқа ие болды… Бір сөзбен айтқанда, «AMANAT» зор абырой мен орасан жауапкершілік дегенді білдіреді».
Ең бастысы, форум аясында «AMANAT» партиясы мәслихат депутаттары мен Үкімет мүшелері арасында тікелей диалог орнауына толыққанды мүмкіндік берілді.
Дәл осы жайтты жаңғыру мен жаңарудың нақты көрінісі деп бағалаған жөн.
Қысқаша түйіндегенде, алдағы жұмыс ауқымы тағы бір мәрте екшеліп, міндеттер межесі белгіленді. Сол бағытта қажымай-талмай «білек сыбана» іске кірісу – уақыттың өзі үндеген талап.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«AMANAT» партиясы Ұлытау аудандық филиалының төрағасы, Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы.