Шырайлы шырша тойы
Ұлытау облысында Қазақстан Республикасы Президентінің атынан «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты өңірлік жаңа жылдық шырша мерекесі өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Рыспеков Дастан Адайұлы балаларға ҚР Президентінің арнайы құттықтауын жеткізді.
Жаңа жылдық шыршаға 9-13 жас аралығындағы 200 оқушы қатысты.
Жаңа жылдық шыршаға арнайы қонақ ретінде қоғам қайраткері, актер, мемлекет басшысы жеке атап өткен көптеген бірегей қайырымдылық жобалардың авторы, кешегі қазақ палуандары Қажымұқан Мұңайтпасов пен Балуан Шолақтың күш дәстүрінің жалғасы Цырульников Сергей Валерьевич қатысып, балаларға спортты насихаттап, өз өнерін көрсетті.
Жаңа жылдық шырша бағдарламасында иллюзия элементтерімен жаңа жылдық ғажайып ертегі, сиқырлы шоу көрсетілді. Балалар үшін Қазақмэн және Гарри Поттер кейіпкерлері, Жезқазған қаласындағы балалар өнер мектебінің тәрбиеленушілері тамаша көңіл-күй сыйлады.
Барлық балаларға жаңа жылдық сыйлық ретінде ҚР Президентінің құттықтау хаты, «Атамұра» баспасында жарық көрген «Жер әлемінің білімдары» викториналық энциклопедиясы және планшет табысталды.
Облыстық жаңа жылдық шырша мерекесіне Ұлытау облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жаппасова Гүлмира қатысты.
Облыс орталығына мерекелік шараға аудандардан келген балалар музейге саяхат жасап, ойын-сауықтыру орталықтарында болды.
Сонымен қатар, Ұлытау облысының 5 оқушысы 2023 жылы 29 желтоқсанда Астана қаласының «Астана Опера» театрында ҚР Президентінің қатысуымен өтетін «Жаңа жыл – республика төрінде» атты республикалық шыршаға қатысады.