Шырайлы мерекенің шуақты шаттығы

Өткен жексенбіде Ұлттық домбыра мен Астана күнін ұлытаулықтар да ұлықтап, аудан орталығында дүркірете тойлады. Концертте ұлттық өнер мен заманауи шығармалар үйлесім тауып, көрермендерге ұсынылды.

Мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шара атауы «Күмбірле домбыра» және «Жарқырап, жайнаған – Астанам!» тақырыбында өткізілді. Кеш шымылдығы Төрегелді Орын мен Нұржан Сүйінбаев орындаған Құрманғазының күйі «Балбырауынмен » ашылды. Келесі кезекте Жолдасбек Рашит «Арман қала – Астана» әнін орындады. Одан кейін де киелі сахнадан әсем әннің нөсері төгілді. Белгілі әнші, сазгер Нұрлан Мұсабеков «Менің қалам» әнін нақышына келтіре шырқады.
Әншінің қоңыр үні сезімтал жүректердегі сырлы сезімдерді әнмен оятқандай болды. Әннің құдіреті көрермен қауымды ән бесігінде тербетіп жатты. «Қыздар» триосы орындаған «Аманат» әні де әсерлі шықты. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған вокалдық «Назқоңыр» балалар ән үйірмесінің өрендері де «Қазақстан – Отаным» әнін әсерлі орындап, көрермен көңілінен, тыңдарман талғамынан шыға білді. Жас талант Шұғыла Сәрсен орындаған «Отаным» әні де көрермен көңілінен шықты. Әсіресе, Елдара Обайдуллина тамылжыта орындаған «Қазақ елі осындай» әні – құлағымызға рухты саз, Ұлы Даланың үнін әкелді.
Тағы да әсер құшағында болдық. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ұлар» домбырашылыр ансамблі Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындап, жанымызды жадыратты. Жас күйші Махруза Төлеуде Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы» күйін жоғары деңгейде орындап берді. Бұдан кейін қос ішекті домбыраны күмбірлетіп Құрманғазының күйі «Адайды» Жаңагүл Кенжебай орындап, ел ықыласына бөленді. Айналаны күй тылсымымен тербеп, көрермен қауымға шуақ сыйлады. Оған деген жұрттың ықыласы дуылдата қол соққанынан аңғарылып тұрды.

Шара аясында өрімдей бишілер мың
бұралған билерімен мерекенің ажарын аша түсті. Сахнада әдемі өңді, талшыбақтай иілген жас бишілер «Хорезм» биін билеп, жұртшылықты шалқыған шаттықтың әлемінде тербелтті.
Шынында да бұл жолы аудандық
мәдениет үйінің өнерлі ұжымы ұлытаулықтарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Жергілікті өнерпаздар тақырыптық мазмұнда ән шырқап, тыңдарман жанарын өнердің жауҺарына суарды. Кеш шымылдығы Нұржан Сүйінбаев пен Мәдина Жұмабаеваның қосыла шырқаған «Астана – менің махаббатым» әнімен жабылды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.