Үштаған
Бұланты шайқасы, Абыз билеріміздің рухтарына тағзым
Біздің, бұл қазақтың басынан не келіп, не өтпеді дерсін?! Өзінің тегінен, тамырынан өсіп-өніп, көктеп, “аузы алты қарыс” елге айналған кездері де болды. Одан кейін құлдырау, жоғалып кетуге шақ қалған кездері, қайта тіріліп, сілкініп, қатарға қосылған кездерімізді ақын Ж.Молдағалиев “Мың өліп, мың тірілген қазақпыз” – деп бірақ ауыз сөзбенен тұжырымдаған болатын-ды. Кешегі тоталитарлық кезенде өз тарихымызды жазуға болмайтын цензура қойылды. Қазақ атам: “Тарихы жоқ ел жетім, құсы жоқ көл жетім, айтылмай қалған сөз жетім” дейді. Осы үш жетімдікті де бастан өткеріп бодандық күн кештік. Енді Тәуелсіздігіміздің арқасында өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілген шақта өзіміздің “таза” тарихымыз жазыла бастады.
Өткенімізге үңілуге мүмкіншілік туды. Солардың бірі, бірегейі кешегі уақытта Ұлытауда Үш жүздің басын қосқан Ұлы билеріміз Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билеріміздің есімдері тарих сахнасына шыға бастады. Бұл тарихи тұлғалар, атқа қонып қолдарына қалқан мен найза ұстап жауға шаппаса да, ел шетіне жау тигенде, өздерінің даналықтарымен елін, жұртың жаудан қорғап аман алып қалған бабаларымыз.
1727 жылы шілде айында қалың қол қалмақтар Ұлытауға бет алып, ел іргесіне тиіскен алып шайқас – тарихта Бұланты шайқасы атымен белгілі. Бұл орыстардың Куликова даласы, Бородинадан кем түспеген жан беріп, жан алысқан Ұлы шайқас болғаныхақ. Үш биіміз үш жүзін бастап үш жақтан Ұлытауға табан тірегенде ағайын арасына билік айтуға келген жоқ, әрқайсысы өз жасақтарымен келіп, жауға тойтарыс беру үшін Ұлытаудың төрінде ел тағдырын шешу үшін бас қосты. Ол кезеңде қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрды. – Жеңеміз бе, жеңілеміз бе?! Өлеміз бе, тірілеміз бе?! Ел боламыз ба, құл боламыз ба?! — деген үш сұрақ бұлардың жандарын жегідей жеп, жаратушы Алла тағалаға сыйынып, ата-бабаларымыздың аруақтарына сауын айтып, үш тоғыз байлап тасаттық беріп, жеңіске жету үшін қалың қолдың намысын оятып, рухтарын қайрап, жандарын жанып, ел үшін, жер үшін деп ұран тастаған осы билер. Жеңілген жоқ, ақыры жеңді! Елін аман сақтап қалды. Бұл – қазақ тарихы. Үш биіміз ел үшін болған ұлы шайқастың куәгерлері, Тәуелсіздігіміздің тұғыры. Сондықтан да оларға Сарыарқаның жерінде, Ұлытаудың төрінде орын беріліп, ескерткіш қойып, аттарын тасқа қашап жазып, мына келер ұрпаққа аманат етіп қалдыру – бүгінгі біздің міндетіміз бен парызымыз. Бұл біз үшін, қазақ үшін мақтаныш және рухани жаңғыру, жаңару.
Бұл ұлы шайқастағы жеңіске жетудегі кейінгілерге үлгі болардықтай үш факторы:
— біріншіден: ұйымшылдық, тастүйін болып жұдырықтай жұмылуында.
— екіншіден: рух, қайрат, жүрек және жеңіске деген сенім.
— үшіншіден: ұрыс даласында әскери қолбасшылардың жер бедерін ұтымды пайдаланып, тактикалық соғыс өнерін меңгерген жетістіктерінде.
Қадыр ҚҰЛАХМЕТ.