Шегірткемен күрес қарқын алды

Топан судан ес жиып, егінін енді егіп бітіп жатқан шаруагерлерді енді зиянкестер қыспаққа алып жатыр. Қазір қазақ даласын қаптаған шегіртке басып кеткен. Олар көктеп келе жатқан егін мен шабындықтардағы шөптерді қырқып жеп, құртып барады. Əрине, қарап отырған шаруагерлер де жоқ. Қолдарынан келгенінше күресіп бағуда.

Елдегі осы жағдаймен етене танысып, қолданылып жатқан шараларды бақылауға шыққан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жуырда Ұлытау облысына да атбасын бұрды. Меймандар жұмыс сапары барысында өңірдегі шегірткемен күрестің жүргізілу деңгейімен танысып, егін салу науқанының аяқталуын қадағалады.
Орайы келгенде айта кетейік, биыл Ұлытау облысында барлығы 29.5 мың гектар жерге егін салынды. Оның 24 мыңы астық, 4.5 мың гектары жемшөп дақылдары болса, картоп пен көкөніс тұқымы 1000 гектарға себілді. Ол үшін 400 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Кездесу барысында өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында инвестицияның арқасында жүзеге асырылып жатқан Жаңаарқа ауданындағы етті қайта өңдеуге арналған комбинат, Жезқазғандағы құс фабрикасы жəне көкөніс сақтауға арналған орын, Сəтбаев қаласындағы құс етін өңдеуге арналған цех, жем-шөп дақылдары мен картопты тамшылатып суару арқылы өсіру сияқты жобалар да таныстырылды.
Одан бөлек, облыстағы жəне өзге жақын өңірлердегі зиянды жəне аса қауіпті организмдердің таралуы ықтимал аймақтың картасы таныстырылды. Биыл Жаңаарқа ауданында 5.9 мың гектар, Ұлытау ауданында 8.3 мың гектар аумаққа саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген Сапар барысында Премьер-Министрдің орынбасары мен Ауыл шаруашылығы министрі облыстың шаруа қожалық иелерімен жүздесіп, пікір алмасты. Фермерлер кооператив құруда туындайтын мəселелер, ауа райы мен киіктердің егін шаруашылығына əсері, жұмыскерлер тапшылығы, аз пайыздық несиелеу, өңірде ветеринарлық зертхана ашуға қатысты сұрақтарын жолдады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.