Шеңберде шынайы әңгіме өрбіді

Ел ішіндегі өзекті мәселелерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе қарастыру мақсатында барлық деңгейдегі әкімдер халықпен тұрақты түрде жүздесуде. Осы орайда, Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабековтің халықпен кездесулері Шеңбер ауылдық округінде өтті.

Кездесуге ауыл тұрғындары, қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл шаруашылығы субъектілері мен мекеме өкілдері қатысты. Аудан басшысы жиын барысында аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, ауылдарды дамытуға арналған жоспарлар туралы кеңінен мәлімет берді. Ауылдың өзекті мәселелері күн тәртібінде
Кездесу барысында жергілікті тұрғындар тарапынан бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, жолдардың жай-күйі, электр желілерін жаңарту, инфрақұрылымдарды жақсарту сияқты ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі бұл мәселелерді назарға алып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Әр мәселенің кезең-кезеңімен шешілетіні, заң аясында жүйелі түрде жұмыстар атқарылатыны айтылды.
Ауылдағы жаңғырту жұмыстары
Шеңбер ауылында қазіргі таңда бірқатар инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі — жаңадан салынып жатқан медициналық пункт. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ, көктемгі су тасқыны кезінде Қорғасын ауылына апаратын 0–28 шақырым аралығындағы жол бөлігіне зақым келген. Қазіргі таңда бұл бағытта сметалық құжаттар дайындалып, алдағы уақытта бюджет есебінен жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Бұдан бөлек, Шеңбер ауылының маңындағы Арқалық–Жезқазған республикалық маңыздағы автокөлік жолының бойында жаңа асфальт зауытының құрылысы жүріп жатыр. Аталған зауыт іске қосылғаннан кейін аудан аумағындағы жолдарды асфальттауға оң ықпал етпек.
Балаларға арналған заманауи алаң
Кездесу соңында аудан әкімі ауыл тұрғындарымен бірге 1 маусым — Балаларды қорғау күні қарсаңында пайдалануға берілген жаңа балалар ойын алаңын аралап көрді. Заманауи талаптарға сай жабдықталған бұл нысан – балалардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Ауыл тұрғындары балаларға жасалған бұл қамқорлыққа ерекше ризашылықтарын білдірді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.