Шәкірттеріміз — өнер биігінде
Ауданымыздағы мектептен тыс білім беру мекемесі қоғамның алға қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін баланың қабілетін дүниежүзілік деңгейде дамыту мақсатында бүгінгі ұрпақты жеке тұлға ретінде тәрбиелеуде. Өйткені, бүлдіршіндеріміз еліміздің ертеңі мен болашағы, сондықтан оларға кедергісіз болашақ сыйлау біздің міндетіміз. Осы орайда, ауданымыздағы Балалар өнер мектебі жас ұрпақты өмір ағысына бейімдеу тұрғысында мұғалімдер қауымы бірталай жұмыстар атқарды. 2019 жылы біздің мектеп қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының халықаралық дәрежедегі мүшелігіне қабылданды. Бұл – біздің жас өрендеріміздің алдынан ашылған жаңа жол деген сөз.
Бүгінгі күні ЮНЕСКО клубының негізгі мақсаты – дарынды балалар мен жастарды қолдау, мәдениетаралық диалог пен өзара түсіністікті дамыту, сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға көмек беру, халықаралық елдер арасындағы өскелең ұрпақтың достығын нығайту болып табылады. Осы ЮНЕСКО клубына Балалар өнер мектебінен 7 мұғалім, 23 оқушы мүшелікке қабылданды. Қазіргі уақытта халықаралық байқаулармен жобаларға өз өнерлерін көрсетуде. Биылдың өзінде көптеген шәкірттеріміз бірнеше өнер додаларына қатысты.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Сәтбаев қаласында өткен «Мен заманауи Қазақстанды қалай көремін?» атты қашықтық ғаламтор байқауында хор сыныбының оқушысы Назым Әбіш жүлделі екінші орынға ие болды.
Алматы қаласында “MITSUBISHI ASIAN CHILDREN/S ENIKKI FESTA” халықаралық балалар шығармашылығы фестивалін қолдау мақсатымен ұйымдастырылған «Менің бақытты күнім» челленджіне мектебімізден Ақжұлдыз Аймолда мен Саина Қайруллаева қатысып, жоба жеңімпазы атанды.
Жазғы маусымда Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО клубтары Федерациясының ұйымдастыруымен Т.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясы және П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің қолдауымен VI шығармашылық академиясының жобасы өтті . Шығармашылық академиясы ғылымды, өнерді, философияны біріктіретін жоба. Мақсаты – вокал, хореография, аспаптық, шешендік өнер, бейнелеу өнері бағыттарына негізделген шығармашылық байқауды өрістету. Бұл байқауға мектебімізден 16 (он алты) оқушы вокал, бейнелеу, хореография, домбыра бағыттары бойынша қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Байқау нәтижесінде 500 финалист анықталды. Іріктеу кезіңде мектебіміздің вокал сыныбы оқушылары Аяулым Серікбай, Арай Мыңбай және домбыра сыныбының оқушысыАжар Майтон,хореография сыныбының оқушылары «Шаттық» би тобы байқау финалистері атанды. Байқау финалистері арасынан мектебіміздің вокал сыныбының оқушысы Аяулым Серікбай Қарағанды қаласына арнайы шақыртумен барып, сұхбат беріп қайтты.
Бұдан бөлек, Қорғалжың мемлекеттік табиғи қорығының ұйымдастыруымен бүкіл Қазақстан бойынша табиғатқа патриоттық бастамаларды қалыптастыру мақсатында «Flamihgo-2020» республикалық фестивалі қашықтықтан өткізілді. Фестивальге бейнелеу өнері бойынша берілген тақырыпқа сәйкес суреттер жіберіп, Гүлназ Шалабай мен Айымжан Тілектес қатысты. Екі оқушының да салған суреттері жоғары бағаланып, жүлделі орынға иеленді.
Ал, шілде айындағы қазақстандық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясының және «Sauvage» компаниялар тобының ұйымдастырған «Дала ДНҚ» атты тұрақты даму бағытындағы білім беруге арналған республикалық жоба тарихи-мәдени және рухани құндылықтарға, жаңа қоғамдық сананы қалыптастыруға бағытталды. Бұл бұрын-соңды Қазақстанда болмаған бірегей жоба. Жоба аясында біздің жеріміздің табиғи ескерткіштері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау мақсатында Республикалық суреттер мен иллюстрация байқауы өткізілді. Осы байқауға бейнелеу сыныбының оқушысы Дана Жәкеева қатысып, «Тарих – біздің болашағымыз» номинациясы бойынша үздік деп танылды. Алдағы күндері де жас өнерпаздарымыз ауданымыздың абыройын асқақтатып, биік белестерді бағындыратынына кәміл сенеміз. Шәкірттеріміздің өнерлері өрісті, жетістіктері өзгелерге жұғысты болсын демекпіз!
Нұргүл БАЛАБИЕВА,
Ұлытау аудандық Балалар өнер мектебінің мұғалімі.