Шәкірттері әркез топ жарған тәлімгер-жетекші жайлы бір үзік сыр

Өткен аптаның соңында Алматы қаласынан қуанышты хабар келіп жетті. «FEST КӨКТЕМ» республикалық өнер байқауында Жезді кентіндегі Мəдени-суықтыру орталығы жанындағы «Көркемсөз шеберлігі» үйірмесінің тəрбиеленушілері – Айбота ИБАДІЛДА Бас жүлдені қанжығасына байласа, Ханшайым ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ І орынды, Аққу ƏПЕН ІІ орынды иеленді. Бұлардың бəрі аталмыш орталық жанындағы «Көркемсөз шеберлігі» үйірмесінің жетекшісі – Шахмаран ЫСҚАҚОВТЫҢ шəкірттері…

«Ақыл көпке жеткізер, өнер көкке жеткізер» дейді. Өнерімен өрге жүзгеннің өресі биік болары хақ. Өйткені, мəдениеттің ең биік өлшемі бар жақсылықтың бастауы екені сөзсіз. Сондықтан мəдениет саласының маманы, өнер адамы өркениетті өмірдің басты тұлғалары болып саналады. Міне, сол өнерімен биік белестерді бағындырып жүрген Жезді кентінің Мəдени-сауықтыру орталығы жанындағы «Көңілашар» драма үйірмесі мен «Көркемсөз шеберлігі» үйірмесінің жетекші-тəлімгері – Шахмаран Ысқақов өнерлі өрендер тəрбиелеуде үлкен істер атқарып, ауданның намысын қорғайтын дарынды жастар тəрбиелеп жүрген жан.

Оның бұл салада тер төгіп жүргенінің өзіне он бес жылдан астам уақыт өтіпті. «Бұл салада» деп бөлектеп отырғанымның да себебі бар. Шахаң нағыз сегіз қырлы бір сырлы азамат. Оның негізгі мамандығы – жорналшы. Яғни журналист. Сонау 1974 жылы аудан жаңадан ашылып жатқан тұста аудандық «Ұлытау өңірі» газетіне тілші болып келіп, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары секілді қызмет сатыларымен өрледі.

Шахмаран Мұқанұлы өнерге де жақын болды. Редакцияда қызмет ете жүріп аудан орталығындағы өнерлі деген жандардың басын біріктіріп, драма үйірмесін құрды. Ол үйірме сол тұстары өзін елге жақсы танытты да. Мұны байқаған аудандық партия комитеті мен аудандық атқару комитетінің мəдениет саласын қадағалап отыратын бөлім басшылары «мына жігітті аудандық мəдениет бөліміне жіберетін екен» деп шешті. Бұл кезде Шахаң коммунистік партияға кандидат еді. Болашақ партияның сарбазы басшының бұйрығын екі етуге құқы жоқ. Шахмаран да бөлім басшыларының сөзіне «жоқ» дей алмады. Оның үстіне өнер саласын өзінің де жаны қалап тұрған еді.

Шахаң аудандық мəдениет үйіне режиссер болып келгелі жұмыс қызу жүріп кетті. Трагедия, драма, комедия сияқты жанрларды қамтитын бірнеше спектакльдер əзірледі. Оның бəрі көрермендердің көңілінен шықты. Кəдімгі үлкен сахнаның əртістерінен кем ойнамайтын ауыл өнерпаздарының өнеріне ел сүйсініп қол соғатын. Тіпті Алматыдан арнайы комиссия да келіп «халықтық» атақ беруге құжаттарын да алып кетті.

Бірақ, өмірдің жолы, оның ішінде өнердің жолы бірыңғай даңғыл бола бермейді ғой. Əлдебір себептермен ол атақ берілмей қалды. Жоғары жақтағыларға көңілі қалды ма, Шахаң да режиссердің тақтасын тастап, қайтадан жазу столына отырды.

… «Өнер мен мəдениеттің дəмін көріп, рахатын сезіне алған адамға бұдан артық байлық керек емес» деген екен Антон Чехов. Əулие екен дейсің де. Мəдениеттің мəйегімен сусындаған Шахмаран Мұқанұлы да бəрі бір өнерден жырақ кете алмады. Өзі оқып-өскен Аманкелді атындағы ауылға барып, сондағы халық драма театрына режиссер болып қызметке кірісті. «Мəди», «Құдағи келіпті», «Боран» спектакльдерін сахналап, ауыл мəдениетінің өше бастаған отын қайыра маздатты. Бұл қайта құру кезеңінің соңы мен тоқыраудың басы еді.

«Қанша жыл өмір сүрсең, сонша жыл оқы!» Бұл Шахмаран Ысқақовтың ұстанған қағидасы. 2004 жылы ол облыстық Мəдениет департаментінде біліктілікті арттыру курсында көркемөнерпаздар драма ұжымдарының жетекшілері тобында дəріс алып, «жетекші-тəлімгер» деген сертификат алса, 2011-2014 жылдары аралығында Жезқазған музыкалық колледжінде «Музыкалық білім беру кəсібі» мамандығы бойынша оқып, диплом алды.

Өңір мəдениетінің дамуына үлес қосып келе жатқан Шахмаран Ысқақов туралы айтылар əңгіме көп. Оның тəрбиелеген шəкірттері əр жылдарда əртүрлі байқауларда топ жарып, биік белестерден көрініп келеді. Өнер əлемінде өзіндік талантымен дараланған жан Жезді кенті көлеміндегі қай шараны болмасын жоғары дəрежеде ұйымдастырып отырады. Əнебір жылдары кенттегі өнерлі жастардың басын біріктіріп Ауған қасіретін, теріс ағымдардың жетегіне ерген жастардың ауыр хəлін бейнелейтін қойылымдар əзірлеп жезділіктердің қошеметіне бөленді. Оның аудан мəдениетін дамытудағы еңбегі зор. Адам жанын елжіретер түрлі сахналық қойылымдарда да актерлық шеберлігі де жоғары. Əркез көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Ауқымды шаралар мен мəдени жобаларды жоғарғы деңгейде ұйымдастыру, өнерсүйер қауымның талғамынан шығу оңай дүние емес. Осы жолда елеулі еңбек сіңіріп жүрген Шахмаран Мұқанұлы бірнеше мəрте марапаттарға ие болды. «Ең үздік қызметкер», «Үздік мəдениет қызметкері», «Үздік тəлімгер-ұстаз» атақтары Шахаңның өнер мен мəдениет саласындағы көп жылғы еңбектерінің əділ бағасы.

Міне, төл мерекелері қарсаңында Шахмаран Мұқанұлының үш бірдей шəкірті республикалық өнер байқауында ең жоғары марапаттарға ие болды. Мұның өзі тəлімгер-ұстаздың тыңғылықты істерінің жемісі.

Ізбасар ОЙБАС.