Үш би — ұлт кемеңгері
Халқымыздың өткен тарихына зер салып зерделесем, тұла бойым мұздап, жүрегім сыздап, тынысым тарылып кетеді. 1721 жылы қандықол қалмақтардың қапыда жасаған қарақшылық шабуылынан қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшырап, миллиондаған қазақ қырылып кетті. Ұлт тағдыры қияметтің қыл көпірінің үстінде тұрды, біржола жойылып кету қаупі бар еді. Бұл елге келген тосын алапат болды.
Осындай ұлт тағдыры талқыға түсіп, талықсып тұрған сын-сағатта есеңгіреп қалған елдің есін жидырған, ұлттың басын біріктірген үш би болатын. Олар халқымызды бір тудың астына топтастырып, үлкен күшке айналдырды. Сол қазақтың үш дана биі Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Әйтеке би еді. Олар дара даналығының арқасында ұлтымыздың жойылып кету қаупінен сақтап қалды. Сондықтан, олардың есімін мәңгі жадымызда сақтап, кейінгі ұрпақтың есінде қалдыру – біздің парызымыз. Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Әйтеке билерге «Ұлт қаһарманы» атағын беріп, есімін құрметтеп, төсбелгілер, медальдар шығарылса, үш биді құрметтегендігіміз емес пе?! Бұл олардың рухына тағзым, әруағына құрмет, ұрпақтарға мәңгілік мұра болып қалар еді.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.