Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Ұлытау облысына келді
ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірімізде бірқатар кездесу өткізді.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді. Өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлымен бірге Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарымен, ақсақалдармен және жастармен кездесті.
Күн тәртібі Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, Сенаттың мәслихаттармен өзара іс-қимылының жаңа форматы, қоғамның рухани дамуындағы ақсақалдардың рөлі және жастар арасында ұлттық құндылықтарды ілгерілету мәселелерін қамтыды.
Жергілікті депутаттармен кездесуде атап өтілгендей, Сенат пен мәслихаттардың бірлескен жұмысындағы басым міндет – Президент бастамашылық еткен реформалардың заңнамалық деңгейде іске асырылуын сапалы қамтамасыз ету. Кездесу барысында талқыға салынған тағы бір маңызды тақырып — басқару жүйесін орталықсыздандыру болды, бұл жайында Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан болатын. Мұндай әкімшілік трансформация — мәслихаттардың құзыретін кеңейтеді және рөлін арттырады, сондай-ақ жергілікті биліктің қаржылық мүмкіндіктерінің өсуін қамтамасыз етеді.
Ақсақалдар және белсенді жастармен Ұлытау облысының әкімі мен ҚР Парламенті Сенатының Спикері өз кезегінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселелерін талқылады. Бұл ретте тиімді рухани бағдарларға – Абай Құнанбаевтың «Толық адам» және Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» ұғымдарына баса назар аударылды.
Сонымен қатар, Парламент Сенатының Төрағасы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының және «Ұлытау» техникалық университетінің ұжымымен кездесті. Мәулен Әшімбаев «Сапар» орталығының қызметімен де танысып, өңіріміздің тарихи орындары – Жошы хан, Алаша хан және Домбауыл кесенелерін аралап, Алтыншоқы тас үйіндісіне де бет бұрды.