Сәтбаев қаласында «Таза сана – жарқын қоғам» атты профилактикалық форум өтті
Сәтбаев қаласында 500-ден астам мектеп және колледж оқитын жасөпірімдердің басын қосқан есірткіге қарсы форум өтті.

28 қаңтарда Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы кеншілер сарайында Ұлытау облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Таза сана – жарқын қоғам» атты профилактикалық форум ұйымдастырылды. Іс-шараға 500-ден астам мектеп оқушылары мен колледж студенттері, яғни жасөспірімдер қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, нашақорлықтың алдын алу және құқықтық сананы арттыру.
Форум барысында Сәтбаев қаласы Полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Арман Садықов сөз сөйлеп, өңірдегі есірткіге қатысты ахуалға тоқталды.
Оның айтуынша, 2025 жылы Ұлытау облысында 110 есірткі қылмысы тіркелген. Атап айтқанда, есірткі құралдарын сату бойынша 31 дерек, сақтау бойынша 67 дерек, заңсыз жарнама, өсіру, контрабанда және өзге де қылмыстар анықталған. Сонымен қатар 64 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, оның басым бөлігі есірткіні медициналық емес мақсатта қолдану фактілеріне қатысты болған.

Сондай-ақ заңсыз айналымнан 138 килограммнан астам түрлі есірткі заттары тәркіленген. Оның ішінде марихуана, гашиш және мак сабаны бар.
Полиция подполковнигі Арман Садықов өз сөзінде есірткінің жасөспірімдер өміріне төндіретін қауіп-қатеріне ерекше тоқталып, мұндай қылмыстардың алдын алу ең алдымен профилактика мен түсіндіру жұмыстарына байланысты екенін атап өтті. Ол жастарды заң талаптарын сақтауға, зиянды әдеттерден аулақ болуға және саналы таңдау жасауға шақырды.
Форум аясында профилактикалық бейнероликтер көрсетіліп, мамандардың қатысуымен интерактивті тренингтер мен түсіндіру шаралары өткізілді. Сонымен қатар тәрбиелік және спорттық бағыттағы сайыстар ұйымдастырылып, арнайы бөлімшенің көрсетілімі ұсынылды.
Іс-шара соңында қатысушылар салауатты өмір салтын ұстанудың қоғам болашағы үшін маңыздылығын атап өтіп, «Салауатты өмір – жарқын болашақ кепілі» ұстанымын қолдайтындарын білдірді.
