Рухтастар Абай өлеңдерін ұлықтады

10 тамыз – адамзат ақыл-ойының алыбы Абай Құнанбайұлының туған күні. Осы бір айтулы күні Жезқазған қаласы әкімдігінің қолдауымен қаламыздағы ұлы ақынның ескерткіші маңында аға буын өкілдері мен жас поэзия сүйер қауым бас қосты.

Еңселі ескерткішінің алдында Абай өлеңі оқылып, әндері шырқалды. Үкіметтің қаулысымен бекіген Абай күнінің маңызы жайлы әңгіме болды. Алаш баласы Абай күнін атаулы мереке қылғаны дұрыс, бірақ науқандық шараға айналдырып жібермесе игі. Осы ой мен рухтың күніне орай жариялаған мақаласында Президент те былай депті, өйткені. «Абай халықты той тойлауға емес, еңбек етуге, рухани кемелденуге шақырды. Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді» деген жолдардың мағынасы терең.

Осылайша Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ, алтын қазынасы.
Заман ауысып, уақыт өткен сайын халқымыз ғұлама Абайдың рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі.

Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді.