Өрт сөндіру бекеті ашылды

Ұлытау ауданының даму жоспарына сәйкес, аудан әкімдігінің қолдауы негізінде Қарсақбай кентінде өрт сөндіру бекеті ашылды. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Алмат САКИПОВ қатысып, бекеттің жұмысына сәттілік тіледі.

Жаңа өрт сөндіру бекеті жергілікті бюджет есебінен материалдық-техникалық жабдықтармен қамтылған. Қазіргі уақытта су құятын бөшке, тіркеме, өрт сөндіру құрылғылары бар. Алдағы уақытта өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімдері мен қосымша жабдықтар алу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, аталған бекеттің ашылуы жергілікті тұрғындар үшін қосымша жұмыс орындарын құруға да септігін тигізді. Бекет жауынгерлері тек өртке ғана емес, аймақта болып жатқан басқа да төтенше жағдайларды жоюға, қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған. Осы бағытта жұмыс жасауды қолға алып отыр.

Айта кететін жағдай, қазіргі уақытта аудан бойынша барлық елді мекенде өрт сөндіру бекеттері құрылып, өз жұмысын атқаруда. Ендігі кезекте өрт сөндіру бекеттерінің материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен жаңартып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету – күн тәртібінде тұрған мәселе.

Өз тілшімізден.