Ұрпаққа ұлағат боларлық сөз қалдырмаған кей қайраткердің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік тұр – Президент

Бұл туралы «Turkistan» газетіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Соңғы жылдары Қазақстанда тарихты талқылау сәнге айналды. Түрлі подкасттар, фильмдер, мақалалар мен кітаптар шығып жатыр. Әрине, халықтың төл шежіресін тануға деген қызығушылығын түсінуге болады. Жалпы, бұл – құптарлық дүние. Алайда, өкінішке қарай, мемлекетке кесірі тиетінін жете түсінбей, көпшіліктің көңілін табу үшін ойдан шығарылған деректер мен жалған ақпараттар тарататын, халқымыздың басынан өткен қиындықтарға өзге жұртты кінәлайтын тарихшысымақтар пайда болды. Жұрт олардың сандырағына сеніп, өткен дәуірдің жалған батырларын ұлықтай бастады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – ақиқат жолы емес, керісінше «жалған түсінік туғызатын теріс жол, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымынша, біз болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек.

— Бізге негізсіз аңыз-әңгімелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді. Тарих жұртты дауластыратын, жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыратын құндылық болуға тиіс. Ойдан шығарылмаған, яғни ақиқатқа құрылған шежіре бізді тарихтан тағылым алып, кемшіліктерімізді түзетуге, сол арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға үйретеді. Сондықтан, біз Абайды және оның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеп келеміз. Ол қоғамдағы кемшіліктерді бүкпесіз айтып, «Толық адам» болуға бастайтын дұрыс жолды нұсқап кетті. Ұлы ойшылдың ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұрасы саналатын «Қара сөздері» әлі күнге дейін өзекті болып отыр, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Абай халқымыздың еңбекқор, білімпаз және адамгершілігі жоғары болғанын қалағанына назар аудартты.

— Мән-мағынасы жоқ сансыз пікірталастан басқа ұрпаққа ұлағат боларлық сөз қалдырмаған бірқатар қоғам қайраткерлерінің мұрасынан Абай ілімі әлдеқайда биік тұрғаны анық. Бірде-бір дәуірде, әсіресе, саяси аласапырандар кезеңінде көпірме сөздің еш пайдасы болмаған, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, бүгін Turkistan» газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталған басылымның бас редакторы, белгілі ақын, публицист Бауыржан Бабажанұлына берген кең көлемді сұхбаты жарияланды.