Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары!
Ұлы даламызға шуағын шашып келген қастерлі əз-Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын!
Түбі бір, бауырлас түркі жұртының кеңпейілдігінің, дархандығы мен ізгілігінің көрінісіндей молшылықты, жылулықты ала келетін Ұлыстың ұлы күні жер бусанып, табиғат оянады, тіршіліктің тамырына қан жүгіреді. Халқымыздың бірлігі мен тірлігінің, ырысы мен ынтымағының, татулығы мен биік рухының өзегіндей болған Наурыз мерекесінің ұлт үшін маңызы зор.
Самарқанның көк тасы еріген күнді ата-бабамыз жылдың басы санаған. Жаңару, жасампаздық, оң өзгеріске деген құлшыныс та көктемнің осы шуақты күнінен бастау алады. Күннің ұзарып, жуанның жіңішкерген шағында сағынысқан ағайын, көптен көрмеген дос-жаран амандығын білдіріп, бір-бірін көруге құштарлықпен аттанады. Осы себептен де əз-Наурызды кешірімнің, сыйластықтың мерекесі деп атаса керек.
Қадірменді жерлестер!
Қазақы жыл санауымызша жылдың басы, жаңа жыл мерекесі саналатын Ұлыстың ұлы күні облысымызда көптеген игі бастаманың жүзеге асуына сеп болсын.
Тəуелсіздігіміздің тұғыры бекем болып, ырыс-несібеміз арта берсін. Қоғамда тыныштық, айналамызда береке артсын.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Ұлытау облысының әкімі.
Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ,
Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы.