Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары!

Сіздерді ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Осыдан 35 жыл бұрын, 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды.
Бұл тарихи құжат Тәуелсіз Қазақстанның саяси және құқықтық іргетасын қалап, жаңа дәуірге жол ашты.

Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылы Ұлытау төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтті. Бұл – Ұлытаудың Ұлт бесігі ретіндегі мәртебесін айқындап, өңірімізге деген ерекше құрмет пен сенімнің айқын көрінісі. Сол жиында Республика күні Ұлттық мереке ретінде қайта жаңғыртылатыны жарияланып, ел дамуының жаңа кезеңі басталған болатын.

Сондықтан да бұл мерекенің Ұлт ұясы – Ұлытау үшін орны айрықша.
Республика күні – елдіктің, тәуелсіздіктің, ұрпаққа аманат етер асқақ мұраттарымыздың мәңгілік нышаны.

Құрметті жерлестер!

Біздің басты міндетіміз – ата-бабадан қалған аманатты көздің қарашығындай сақтап, туған өлкеміздің әлеуетін арттырып, Ұлытаудың рухы биік, болашағы жарқын аймақ болуына еңбек ету.

Бүгінде өңірімізде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік, мәдени және экономикалық жобаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл істердің табысты болуы – барлығымыздың бірлігімізге, ауызбіршілігімізге байланысты.

Осы қуанышты мерекеде Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ырыс-береке тілеймін!
Еліміз тыныш, бірлігіміз бекем, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Республика күні құтты болсын!

Дастан РЫСПЕКОВ,
Ұлытау облысының әкімі.