Құрметті аудан тұрғындары!
Баршаңызды Тәуелсіз Қазақстанның орталығы – Нұр-Сұлтан қаласы күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Уақыт өткен сайын Бас шаһардың қала күні маңыздылығымен ерекшеленіп, ол тек елордалықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың асыға күтетін мерекесіне айналды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бой көтерген. Нұр-Сұлтан қаласы ең қысқа мерзім ішінде салынып, елдің қарышты дамуының нышанына, жаһандық сәулет өнеріндегі бірден-бір қайталанбас «Ғасыр жобасына» айналды.
Жаңа астанамыз әлемде бейбітсүйгіш қала ретінде ЮНЕСКО-ның арнайы бағасына ие болды. Нұр-Сұлтан қаласының мерейлі мерекесін ұлытаулықтар да лайықты табыстармен қарсы алуда. Біздің мақсатымыз – елімізде дендеген қауіпті індеттің таралуын тоқтатып, халықтың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету.
Еліміздегі ерекше экономикалық жағдайға байланысты «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы жүзеге асуда.
Соңғы екі жылда бағдарлама шеңберінде ауданымызды абаттандыру, көше жолдарын асфальттау мен жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылуда. Шағын және орта кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы салаларында тұрақты даму бар.
Осы ретте ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің өсімі, әлеуметтік құрылыс нысандарының жаңғыртылуы мен пайдалануға берілуі әрбір тұрғын үшін маңызды деп есептейміз. Өкінішке қарай, елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталмай тұр.
Бұл эпидемиядан сақтану біздің ортақ міндетіміз екенін естен шығармайық.
Қадірменді ағайын!
Қазақстанның Елордасы, бүгінгі Нұр-Сұлтан – қарыштап дамыған мемлекеттің, Мәңгілік Елдің символы. Қазақ елінің жүрегі мәңгі соғып, бас қаласы одан әрі гүлдене берсін! Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге береке-бірлік тілейміз!
Советбек МЕДЕБАЕВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
аудандық мәслихаттың хатшысы.