Құрметті аудан тұрғындары!
Баршаңызды Ұлы Дала елінің ұлық мерекесі, тәу етер жалғыз киеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз!

Тәуелсіздік күні – еліміздегі теңдесі жоқ тарихи мереке. Тәуелсіздік пен теңдік – ең қымбат ұғым. Осынау құдіретті ұғымның астарында ата-бабамыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы, абыздарымыздың айбынды үні, азаттық жолында қаза тапқан талай буын боздақтардың ұрпаққа қалдырған аманаты жатыр.
1991 жылғы 16 желтоқсанда еліміздің жаңа тарихы басталған еді. Содан бері Қазақстан өсу мен өркендеудің сан белесін бағындырып, тарихи жеңістерге қол жеткізді.
Елмен бірге Ұлытау ауданы да даму жолымен жүріп келеді. Өндіріс пен кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда, ауыл шаруашылығы тың серпінге ие болды. Тұрғын үйлер бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Елді мекендердің келбеті жаңартылды. Абаттандыру бағытында игі шаралар атқарылды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жобалар жүзеге асырылды. Мұның барлығы Ұлт Тәуелсіздігі мен бейбіт өмірдің арқасында орындалып отыр.
Құрметті жерлестер!
Сіздерді ұлық мереке – Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтай отырып, еліміздің кемел келешегін нығайту жолындағы еңбектеріңізге табыс, өздеріңізге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілейміз!
Қазақ елінің Тәуелсіздігі ғұмырлы, Туы тұғырлы болсын!
Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,
Ұлытау ауданының әкімі.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
аудандық мәслихаттың
төрағасы.
