Референдум – жарқын болашақ кепілі
Еліміздің Ата Заңы – Тəуелсіз Қазақстан мемлекетінің төлқұжаты. Қай ғасырда болмасын, кез-келген елдің, кез-келген мемлекеттің пайда болуы, дəуірлеп өсуі белгілі бір қағидаға сүйеніп жүзеге асатыны тарихтан мəлім. Ал, Ата Заңымызға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ол заман талабы. Алдағы 5 маусымда өтетін республикалық референдум Конституциямызға түзетулер енгізу мақсатында өткелі отыр.
Бұл референдум еліміздің демократиялық жолын нығайтуға жəне халқымыздың əлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған шаралар болып есептеледі. Конституциялық реформа дегеніміз, былай айтқанда, Мемлекет басшысының 2019 жылдан бергі барлық саяси реформаларының заңды жалғасы іспеттес. Ең бастысы, конституциялық түзетулер жобасы аясында енгізілетін өзгертулер қазақстандықтардың сұраныстарына ыңғайластырылып, қазіргі қоғамның мақсат-мүддесіне орайластырылып негізделген. Түзетулердегі өзгеріс суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға біржола көшу болып отыр. Мұндағы ерекшелік, Президент өз өкілеттігі мерзімінде басқа партиялардың құрамында болмау керектігі көрсетілген. Нақты айтқанда, елдегі саяси партиялардың ешқайсысына Президент мүшелікке кіруге болмайды.
Сондай-ақ, бұл өзгерісте «ҚР Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ» – делінген. Түзетулердің ішіндегі тағы бір қажеттісі саяси бəсекелестікті арттыру жəне барлық саяси партиялар дың дамуына мол мүмкіндік беріліп отыр. Осындай жақтары еліміздің жарқын болашағына əрі мемлекетіміздің демократиялық жолмен дамуына ықпал етері сөзсіз. Ал, Конституцияның 6-бабындағы 3-тармағында көрсетілген «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстары» халыққа тиесілі болмақ. Бұл бапқа енгізілетін өзгеріс халық атынан меншік құқығын мемлекет жүргізеді деп өзгертілмек. Дəлірек айтқанда, Конституцияның 33 бабына түзетулер енгізіледі деп күтілуде. Бүгінгі күні Конституцияда 98 бап болса, соның 33-не, яғни үштен біріне өзгерістер енгізіледі. Осындай Конституцияға өзгеріс енгізу мəселесі Парламентте емес, республикалық референдумда шешілетін болады. Бұл шынында да ауқымды өзгеріс болып отыр. Ел келешегі үшін жасалып жатқан маңызды қадам. Бұған əрбір қазақстандық азамат бей-жай қарамауға тиіс. Əрқайсысы референдумға қатысып, жаңа Қазақстанның болашағы үшін өз таңдауларын жасағаны дұрыс. Осы өзгерістердің түпкі межесі – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту. Ел тағдырын айқындайтын осынау маңызды кезеңнен біз де шет қалмауға тиіспіз. Біздің міндетіміз, бұл референдумда негізгі заңнама Конституцияға енгізілетін жаңа өзгерістерді қолдау. Сол себепті референдумға қатысу – барлығымыздың борышымыз.
Қайрат ЖҰМАБАЙ