ҚР ІІМ: дауыс беру барысындағы қоғамдық тәртіп толық бақылауда
Бүгін ел бойынша ішкі істер органдарының қызметкерлері республикалық референдумның қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді. Барлық жеке құрам күшейтілген қызмет режиміне көшірілді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өтіп жатқан «Референдум – 2026» онлайн-марафоны барысында ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев хабарлады. Оның айтуынша, басшылық және командалық құрам – тәулік бойы кезекшілік атқарады. Мемлекеттік органдармен бірлесіп референдум учаскелері алдын ала тексерілді. Олардың техникалық қауіпсіздігі, өрт қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қорғанысы қаралды. Барлық учаскелер тәулік бойы бақылауға алынды.

«Полиция қызметкерлері дауыс беру залдарында болмайды. Олар тек комиссия төрағасының шақыруымен және қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда ғана кіре алады. Қазіргі уақытта елдегі жағдай – тұрақты, толық бақылауда. Қоғамдық тәртіп бұзу фактілері тіркелген жоқ. Ішкі істер министрлігі – азаматтарды заңды сақтауға және қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырады», – деді Ш.Әлекешев.
