Прокурор әлеуметпен жүздесті
Сəрсенбі күні Ұлытау ауданы прокуратурасында облыс прокуроры Жасұлан ЕЛАМАНОВ өңір тұрғындарын жеке мəселелері бойынша қабылдады. Оған аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ, аудан прокуроры Рахымжан РАХАТОВ, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Марлен МАҚСҰТ қатысып отырды.
Прокурор əуелі Ұлытау ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Орынбасар Көбенованы қабылдады. Ол алаяқтарға алданғаны жайында өз шағымын жеткізді. Арызданушыға аудандық полиция бөліміне жазбаша түрде арыз беру жүктелді. Жəбірленушінің шағымы бойынша алаяқтарға қарсы іздестіру жұмыстары басталатын болды.
Келесі кезекте Ұлытау ауылының тұрғыны Еркеназ Тілеубаева тұрғын үй кезегіне тіркелудің жолын сұрады. Бұл азаматшаға аудан əкімі Аманжол Мырзабеков үй кезегіне тұрудың оңтайлы жолын түсіндіріп, өтінішін қанағаттандырды. Ақтас кентінің тұрғыны Барысхан Қалыбекұлы Пионер елді мекеніндегі ауызсу жүйесінің əбден тозығы жеткенін айтып шағымданды. Бұл мəселе жөнінде сметалық жобалау құжаттары əзірленіп, тиісті сараптамадан өткізілетін болды. Ұлытау ауылының тұрғыны Айбол Төлепберген жеке шаруашылықпен айналысу үшін аудан аумағынан жер учаскесін сұрап келді. Оған ҚР Жер кодексінің 43-бабының І тармағына сəйкес, мемлекеттік меншіктегі жер учаскелерін ауыл шаруашылығына пайдалану тек конкурс арқылы жүзеге асатыны түсіндірілді. Бұл азаматқа аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Болатбек Есназаров конкурсқа шығатын жер учаскелері бұқаралық ақпарат құралдарына, аудан əкімінің интернет-порталына жарияланатынын хабардар етті. Бұдан кейін ауданның қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Баймағанбетов өз ойын ашық жеткізіп, облыс прокурорына алғысын білдірді.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.