Пейіл тазалығы – тұтастық өзегі

Қазақ елінің тағдыры қилы-қилы қасіретті оқиғаларға толы болғанына кәрі тарих куә. Қызыл империяның жымысқы саясаты тарихымызды талай-талай бұрмалауға ұшыратты десек, артық айтпағанымыз. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы замана ауыртпалығын арқалай жүріп, Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне биыл 30 жыл толғалы тұр.

Қазақ халқының тарихындағы ақтаңдақтар туралы ақиқат еліміз егемендікке қол жеткізген соң ғана айтыла басталды. Сол қасіретке толы тарихи оқиғалардың бірі – Қазақ жеріне украин, неміс, кәріс, шешен, татар, тағы сол сияқты ұлттардың еріксіз қоныс аударылуы. Ата қонысынан зорлықпен көшірілгендерді қараша қазақ ауылдары жатсынбай қарсы алды. Өздері ашқұрсақ, жартылай жалаңаш отырған қазақтар қоныс аударушыларды бауырына басып, барымен бөлісті. Оларды өз баспаналарына паналатып, еңбек етулеріне мүмкіндік жасады. Ал балалары болса, қазақ балаларымен тез тіл табысып, достасып кетті. Қазақтың қараша ауылынан сая тапқан сол өзге ұлт өкілдері, қазақ жерінің «топырағында тамыр жайып», өсіп-өркендеді. Ата-бабалары қазақ даласына жерленіп, рухтары қазақ жерінен байыз тапты. Мұның бәрі қазақ халқының дархандығын, қонақжайлылығын, кеңпейілділігін көрсетсе керек! «Біз Қазақстаннан өз бақытымызды таптық» дейді барлық қазақстандық өзге ұлт өкілдері бүгінде. Шынында, қазақ ұлтымен біте қайнасып кеткен олардың бірқатары, тіпті, қазақтармен «қыз алысып, қыз берісіп» құда-жекжат болып отырған жайы бар. Бәрі бірауыздан қазақ халқына алғыстарын айтады риясыз көңілден.

Алғыс айту күні биыл бесінші рет ресми түрде аталып өтілгелі отыр. 2016 жылғы 14 қаңтарда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялап, арнайы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл күн – күрделі кезеңдерді иық тіресе бірге еңсеріп, Тәуелсіз Қазақстанды дамыту жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күні. Бұл күн – мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен таза пейілінің жарқын мерекесі. Осынау өзегіне ізгілік тұнған мереке – ата-анаға, ағайын-туысқа, ұстазға, бауырға алғыс арнайтын да мейрам. Сондықтан да салтдәстүрін, әдет-ғұрпын қастерлейтін қазақ ұлты үшін бұл мейрам – аса қасиетті! Өйткені, пейіл тазалығы – тұтастық өзегі.

Ендеше, бір-бірімізге Алғыс айтудан, әсте, жалықпайық, ағайын!

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ