Педагогтерді аттестациядан өткізудің жаңа ережесі әзірленді
Бір-екі күнде ашық НҚА порталына аттестацияның жаңа ережесі ілінеді.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингіде педагогтерді аттестациядан өткізудің жаңа ережесі қашан жарияланатынын айтты.
Оның айтуынша, жаңа аттестацияда педагогтың мамандығына қатысты ерекшеліктер ескерілген.
«Жалпы, аттестацияның ең басты мақсаты – мұғалімдердің жетістігін оқушылардың жетістігімен байланыстыру. Бұл –аттестацияның ең басты ерекшеліктерінің бірі. Жаңа аттестацияда бұрынғыға қарағанда оны тапсыратын барлық педагогтың мамандығына қатысты ерекшеліктер ескерілген», — деді министр.
Оның нақтылауынша, педагогтерді аттестациядан өткізетін ұлттық платформаны әзірлеуге арнайы қаржы қарастырылмаған. Дегенмен ол қазір әзірленіп жатыр.
«Өзіміздің ішкі мүмкіндіктеріміздің есебінен платформа жасалып, аяқталып қалды. Бір-екі күнде ашық НҚА порталына аттестацияның жаңа ережесі ілінеді. Содан кейін жылдағыдай көктемде аттестация басталады», — деді Ғани Бейсембаев.