Қоршаған ортаны қорғау – құрметті іс
Жайдарлы жаз мезгілінде табиғат аясында демалушылардың қатары көбейеді. Əрине, таза ауада, мөлдір бұлақ басында демалған жақсы. Бірақ, қоршаған ортаға зияны тимеу керек. Өйткені, табиғат – біздің байлығымыз. Оны көздің қарашығындай қорғау қажет.
Əркім жасыл желек арасында демалған кезде босаған шыны құтыларды, қаңылтыр қалбырларды, басқа да қоқыстарды қалдырмай, қарапайым тазалық ережелерін сақтауға міндетті. Əсіресе, далада от жаққанда өте абай болған жөн. Шаруа қожалықтары да өрттен сақтанудың ережелерін талапқа сай сақтаса екен дейміз. Себебі, дала өртінің 90 пайызы адамдардың абайсыздығынан пайда болады. Шөп шабу кезінде фермерлер май жүйесі бұзылған техникаларына мəн бермей, өз тракторларына ат үсті қарау салдарынан өрттің шығуына əкеп соқтырады. Жасыратыны жоқ, былтырғы жылы ақауы бар техникалардың кесірінен біраз жайылымдар, шабылған шөптер отқа оранды. Мұндай жағдай тағы да қайталанбасына кім кепіл?! Сондықтан осы бастан науқан кезінде əркім өз техникаларына мұқият қарап алдын-ала қадағалағаны дұрыс. Егер өрттің шығуына жеке жəне заңды тұлғалар себепкер болып жатса белгіленген тəртіппен əкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынатынын ескертеміз. Өйткені, қоршаған ортаны қорғау əркімге тиесілі. Жердің көркі орман-тоғайды қорғау – баршаға ортақ іс. Осыны əркім өз жадына сақтаса екен дейміз.
Қадыржан ЕСКЕНОВ,
«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ «Арғанаты» орманшылық басшысы.