Орман – біздің байлығымыз
Табиғат – тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, тіршіліктің түлеп өсуіне қажет, жер бетіне көрік берген сəні. Халқымызда табиғат деген сөз — орман, жер-су, өсімдіктер оған қоса туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Əрбір азамат табиғат алдында өзін жауапты сезінуі тиіс, барлық орман-тогайларды жəне оның ішіндегі аң-құстарды киелі санап, өзен, көл жағалауларын таза ұстап, бұлақ көрсе көзін ашып, жастайынан балаларының санасына сіңіріп, бойларын жақсылыққа үйреткен.
Жалпы, Қазақстан топырағы киелі, құнарлы. Қоршаған ортаның бүтіндігін сақтау үшін, адамның, оның моральдық, этикалық дағдыларын өзгертіп, табиғат пен адам арасында жаңа көзқарас қалыптастыру қажет. Əрбір қоғам мүшесі табиғат құбылыстары заңдылықтарымен таныс болуы керек. Экологиялық сауатсыздықты жою Үкіметіміздің халық арасында жүргізетін маңызды мəселелеріне айналуы тиіс.
Табиғатты қорғау қарапайым дүниеден басталады деп ойлаймын. Мəселен, жас ұрпақты табиғатты қорғауға тəрбиелеу ұлттық негіздегі балабақшадан басталады. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғаудың жолдарын ұғындыру, жалпы халықтың экологиялық сауатын ашу, жастарға үздіксіз білім беру нəтижесінде ғана шешіледі. Біз бəріміз де табиғатты қорғауда, сақтауда жəне оны дұрыс пайдалануда ұрпақ алдында, тарих алдында жауаптымыз.
Міне, осы тұрғыдан барлық жеткіншекке экологиялық тəрбие мен білім беру – олардың дұрыс дүние тану көзқарасын қалыптастырады. Қашан да табиғатты аялайық. Ол өктемдікті көтермейді. Табиғатқа адал болайық, ал адалдық табиғат үйлесіміндегі қатынастардың шынайылығы мен табиғилығын айқындайтын категория екені сөзсіз. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» деп халық даналығында айтылғандай, табиғатты қорғау – біздің міндетіміз, болашақ ұрпаққа қалдырар байлығымыз. Сондықтан табиғаттың жанашыры болу əр адамның міндетті борышы екенін біліп жүрейік!
Сəрсен ЖАҢҒАСҚАНОВ,
«Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ орманшылық басшысы.