Қорғасынның тұмса тарихы

«Ұлытау» қорық-мұражайының ұйымдастыруымен көптеген іс-шаралар атқарылып келеді. Өткен жылдың тамыз айының соңында мұражай қызметкерлері Қорғасын ауылында орналасқан тарихи орындарға «Өлкетану» экспедициясын ұйымдастырды. Оның мақсаты археологтердің қазба жұмыстары, екіншісі – Оспан мазарын қайта қалпына келтіру жұмысымен танысу, сондай-ақ, тарихи орындар мен өңірдің сұлу табиғатынан фото-бейне материалдар әзірлеу болды.

Экспедиция аясында Дмитрий Ругис бастаған «Сплав» фотоклуб шығармашылық бірлестігінің кәсіби фотографтары, бірнеше бірлескен археологтар тобы және «Ұлытау» қорық-мұражайы қызметкерлері тарихи ескерткіштерді зерттеуге атсалысты.

Қорғасын аймағы – тарихын ішіне бүгіп жатқан тарихи орындарға өте бай. Солардың бірегейі – ортағасырлық қорғандарға археологтар тобы қазба жұмыстарын жүргізді. Оның құрамында ҚарМУ жанындағы «Сарыарқа» археологиялық институтының ғылыми қызметкері, «Лисаков» археологиялық экспедициясының жетекшісі Эмма Усманова, Н.Назарбаев университетінің оқытушысы Айдын Сенғалиұлы, «Бұзық» қорық-мұражайының, ҚР Ұлттық музейі мен ҚарМУ оқытушыларынан құралған еріктілер тобы болды. Мен жас археолог ретінде қатысып, үлкен тәжірибе алдым. Қазба-зерттеу жұмысының ережелерімен танысып, далалық зерттеулерде қандай әдістердің қолданылатынын үйрендім. Қорғанның айналасы күн тәріздес, қой тастармен қоршалған. Оның ішінде екі тас ерекше тік бағана болып, шығыстан батысқа қарай орнатылған. Қоршаудың орталық бөлігін тазартқаннан кейін қабір шұңқырының дағы анықталды. Басы шығысқа бағытталған, жобамен 17-18 жастағы қыз баланың сүйек қаңқасы, бойы – 160-170 см шамасында, қасына жебе ұшы қойылған, айналасын таспен қоршалыпты. Сыртынан қиыршық тастармен жауып, арасын малтатастармен өрілген. Оған қазір антропологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр. Сараптамалары шетелдік зертханаларға жіберілді, толық мәліметтері шығуы тиіс.

Екінші қорған біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырларға жататын ерте Сақ дәуіріне жатады. Құрылыстың аумағы 8 шаршы метрді алып жатыр. Тереңдетіліп жарты метр қазылған. Қабырғалары ішкі жағынан таспен қапталған. Топшылауымызша, бұл – ғұрыптық орын болған.

Кәсіби фотографтардан құралған «Қасиетті Қазақстан» экспедициясы аталған зерттеу жұмыстарын фотоға, аэрофотоға түсірді.

Мұның бәрі – Шеңбер селолық округінде Едіге кешенімен біріктіріп геопарк ашу жұмысының бастамасы. Бұл жоба іске асатын болса, Қазақстандағы тұңғыш геопарк болуы мүмкін.

Азат САБЫРЖАН,

«Ұлытау» қорық-мұражайының қызметкері.