ҚОРҒАСЫН АУЫЛЫНЫҢ ЖОЛЫ ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРІЛУДЕ

Аудандық дәрежедегі Қорғасын 0-27 кіреберіс жолының Ащылысай учаскесін тасқын су шайып кеткен болатын. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта қалыпқа келтіру жұмыстары басталып кетті.

Аудан басшысы Аманжол Мырзабеков бүгін жөндеу шаралары жүргізіліп жатқан орынға барып, жұмыстармен танысты. Ауыл тұрғындары үшін жол қатынасының маңыздылығын атап өтіп, апта көлемінде қалыпқа келтіру жұмыстарын толық аяқтауды жауапты басшыларға тапсырды.

Бүгінде Қазақмыс басшылығы тарапынан қолдау тауып, жол жөндеу жұмыстарын 2 камаз, 1 экскаватор, 1 жүктиегіш техника үздіксіз жүргізуде. Қазіргі уақытта жолға қиыршық тас пен топырақ төгіп, тегістеу жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі күні жолдың 100 метр аумағы қалыпқа келтірілді. Ертең жолдың су шайған негізгі бөлігі, суағардың орнын тегістеу жұмыстары басталады.

Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.