Олжас БЕКТЕНОВ: Бірыңғай уақыт белдеуі туралы шешім терең ғылыми зерттеулер негізінде қабылданды

Премьер-Министрдің айтуынша, табиғи уақыт азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатына оң әсері ғылыми дәлелденген. 2017 жылы америкалық ғалымдар адамның циркадиялық ырғағын зерттегені үшін Нобель сыйлығымен марапатталды, бұл табиғи уақытқа сәйкес өмір сүрудің ең пайдалы екенін растады. Осы зерттеудің негізінде 2022 жылы 80-нен астам елдің ғалымдары мен мемлекет қайраткерлері қол қойған Барселона декларациясы қабылданды.

«Кезінде еліміз директивалық тәртіпте біз үшін табиғи емес белдеуге ауыстырылды. Қазір, керісінше, біз уақытты күн цикліне сәйкес келтірдік. Мен бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу кейбір адамдарға ыңғайсыздық тудыруы мүмкін екенін түсінемін. Ағза біртіндеп үйренеді. Егер өңірлерде қандай да бір қолайсыздық болса, біздің еңбек заңнамамыз мүмкіндік беретін инфрақұрылымды, жарықтандыруды, ыңғайлы кестені ұйымдастыру арқылы жұмыс істеу қажет. Осы мәселелердің барлығын шешеміз», – деді Премьер-Министр.