Олжас Бектенов «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысына қатысты
Премьер-Министр және Үкімет мүшелерінің қатысуымен «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Олжас Бектенов депутаттарға Президенттің Жолдаулары мен 2023-2029 жылдарға арналған «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасының іске асырылу барысы жөнінде мәлімет берді.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов фракцияның кеңейтілген отырысын ашып, жиынға қатысушыларды алдағы Конституция күні мерекесімен құттықтады. Ол Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында халықтың әл-ауқатын арттыруға және елді дамытуға бағытталған ауқымды міндеттер қоятынын атап өтті.
«Президент Жолдауларындағы, Сайлауалды бағдарламасындағы тапсырмаларды сапалы орындау – баршамыздың басты міндетіміз. Қазірдің өзінде Мемлекет басшысының барлық Жолдауы, берген уәделері толық орындалып жатыр деп сеніммен айта аламыз. Олар әр азаматтың, әр отбасының, әр қаланың, әр ауылдың негізгі мәселелерін шешуге бағытталған. Сондықтан алдағы уақытта да осы қарқынды бәсеңдетпеуіміз керек. Парламент, Үкімет, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғам үйлесімді әрі тиянақты жұмыс істеуге тиіс», — деді Ерлан Қошанов.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Президенттің Жолдаулары мен сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Үкіметтің жұмысы туралы айтты.
«Мемлекет басшысы айқындап берген мақсат – 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 450 млрд долларға дейін жеткізу. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымыз. Экономика құрылымын түбегейлі өзгерту бағытында белсенді шаралар қабылдануда. Қайта өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, ақпараттық технологиялар және басқа да заманауи, жоғары технологиялық және инновациялық салалар еліміздің жаңа экономикасының іргетасы болуға тиіс», — деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр Үкіметтің отандық тауар өндірушілерін қолдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Инвестиция көлемі 15 трлн теңгеден асатын 17 ірі жоба жүзеге асырылуда, бұл 26 мың жұмыс орнын құруға және импортқа тәуелділікті 1,5 трлн теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу шеңберінде қазақстандық кәсіпорындармен жасалған келісімшарттардың саны 1,4 есеге артты, ал олардың жалпы сомасы 40%-ға өсті.
Сондай-ақ Үкімет басшысы елдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға бағытталған заманауи агротехнологияларды дамытуға және ауыл шаруашылығын әртараптандыруға арналған шаралар туралы айтып берді.
«Биыл егіс науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелері негізінен шешілді. Көктемгі дала жұмыстарын және егін жинау науқанын қаржыландыру сомасы 4 есеге, 580 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл – соңғы жылдар ішіндегі ең ауқымды қаржыландыру көлемі. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы екі жылда ауыл тұрғындарына 100 млрд теңгеден астам сомаға шағын несиелер берілді. Нәтижесінде, 20 мыңға жуық азамат өз кәсібін ашты», — деді Премьер-Министр.
Олжас Бектенов Үкімет әлеуметтік мәселелерді шешуге ерекше назар аударып отырғанын, сондықтан мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бағытталғанын атап өтті.
«Мәселен, колледж студенттеріне стипендия мөлшері 50%-ға, бакалавриатқа 20%-ға, магистратура мен докторантураға 15%-ға артты. 1 қыркүйектен бастап 445 мың студенттің стипендиясы өседі. Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер үшін әлеуметтік төлем енгізілді. Бүгінде 1,7 млрд теңге көлемінде аталған төлемді 9 мыңнан астам жұмысшы алды», — деп түсіндірді ол.