АБЗАЛ ЖАНДАРҒА – ҚАПЫСЫЗ ҚҰРМЕТ

Медицина қызметкерлерінің мерекесіне орай облыстың бірқатар маманы мен сала ардагері марапатталды. Жиынға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов, медицина қызметкерлері қатысты.

Салтанатты кешке арнайы қатысқан Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мереке иелерін құттықтап, Денсаулық сақтау министрлігінің төсбелгісімен, Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Сонымен қатар, облыс әкімі өңірге мықты кадрларды тарту үшін 15 дәрігерге 5 млн теңге көтермелеу қаражаты бөлінгенін жеткізді.

«Ұлытау облысын дамытудың 2022 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспарында денсаулық сақтау саласына да ерекше мән беріліп, әртүрлі қаражат көздерінен қаржыландырылатын 19 жобаны іске асыру қарастырылған.
Биылдың өзінде 2022 жылы басталған 6 медицина нысаны күрделі жөндеуден өткізіліп, сондай-ақ, жаңадан іске қосылады. Бұларға қоса 14 жаңа жоба қолға алынады, оның ішінде 5-еуі іске қосылады, 9-ы бойынша жұмыстар жалғасады.
Жыл басынан бері 12 медициналық жедел жәрдем автокөліктері берілді» – деді өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы.

Сондай-ақ Ұлытау облысы мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов үздік қызметкерлерді Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапаттап, «Жыл жаңалығы» номинациясын табыс етті.

Биыл тұңғыш рет Ұлытау облысы әкімінің медицина саласының мамандарына арналған «Жылдың үздік дәрігері» арнайы сыйлығы табыс етілді.  Аталған сыйлықты Жезқазған қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың полижарақат бөлімінің меңгерушісі Рүстем Серікұлы Нысанбаев иеленгенін мақтанышпен айтуға болады.