Облыста қызылша ауруы өршіп тұр
Қазір мамандар осылай деп дабыл қағып жатыр. Аптаның басында өткен аппарат жиынында осы жұқпалы кесел кеңінен сөз болды. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Елена ТКАЧЕНКОНЫҢ мəлімдемесіне қарағанда, Ұлытау облысында қызылша ауруын жұқтырудың 25 жағдайы ресми расталған.
Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш сырқат еліміз бойынша да белең алып тұрған сыңайлы. Бүгінгі күні елімізде қызылшаның 11 мыңнан астам расталған жағдайы тіркелген. Мамандар мұны екпе жұмыстарының 1-6 жас аралығындағы балаларға мардымсыз жүргізілуінің салдары деп отыр. Осыған орай өңірімізде қызылшаға қарсы қосымша иммундау жоспарланды.
Елена Ткаченко 6 қарашадан бастап 6 айдан 10 айға дейінгі балалар, содан кейін 2-4 жастағы балалар, 18 жасқа дейінгі жастарға жəне медицина қызметкерлеріне екпе салынатынын хабарлады. Аптаның басынан бастап қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундауды қамтудың күнделікті мониторингі жүргізілмек.
Аппарат жиынында облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Жұқпалы кеселдің біздің өңірде де дендеп тұрғанын нақты көрсету қажет. Арнайы штаб та сол мақсатта құрылды. Ауруға қатысты мəселенің барлығын бақылауға алған дұрыс. Бұл ретте тұрғындар, ата-аналар арасында, мектептерде БАҚ жəне басқа да байланыс арналары арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жіті қолға алынуы қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.