Облыста экологиялық акция өтті
«ТАЗА Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында өңір тұрғындары туған өлкені абаттандыруға үлес қосуды жалғастыруда. Бұл істен Ұлытау ауданының тұрғындары да қалыс қалған жоқ.
Барлық қалалар мен аудандарда санитарлық тазарту шаралары өтті. Құрал-жабдықтармен қаруланған жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар өкілдері, жастар, белсенділер жəне қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын азаматтар сенбілікке ықыласпен шықты. Олар ластанған көшелерді, аулаларды, саябақтар мен алаңдарды тазартты.
Мəселен, Сəтбаев қаласының еңбек ұжымдары өндірістік кəсіпорындардың аумақтарында тазалау, сырлау, əктеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің аулаларында да жұмыс қызу жүріп жатты. «Үздік аула» акциясын облыстың барлық ПИК-тары қолдады. Тұрғындармен бірге олар бірге тазалық орнатып, ағаштарды суарып, гүлзарларды ретке келтірді.
Жаңаарқа жəне Ұлытау аудандарында бұлақтардың жанында жəне өзендердің жағасында экологиялық акция өтті. Ұлытау ауданының тұрғындары келушілерге қолайлы жағдай жасау үшін «Күміс бұлақ», «Тасбұлақ» бұлақтарының айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жаңаарқалықтар Сарысу өзенінің жағасын қоқыстан тазартып, шомылу орындарын ретке келтірді.
Ұлытау ауданы бойынша сенбілікке 987 адам, 46 техника қатыстырылып, 5,6 тонна қоқыс шығарылды.
Жезқазған жəне Сəтбаев қалаларында мектепке дейінгі мекемелердің аумағында құс үйлерін орнату бойынша «Құстарға қамқорлық» акциясы ұйымдастырылды. Акция аясында ата-аналар балаларымен бірге құс үйлерін жасап, оларды балабақша аумағында өсетін ағаштарға бекітті. Осылайша, олар қызықты уақыт өткізіп қана қоймай, табиғат пен еңбекке жауапкершілікпен қарауға тəрбиелеуге үлес қосты.
Экологиялық акцияны өткізуге «Жасыл ел» жастар жасақтары үлкен үлес қосты. «Тазалық – тазартылған жерде емес, қоқыс тасталмаған жерде. Сондықтан, біз жерлестерді тазалықты сақтауға жəне бізге қосылуға шақырамыз», – деп атап өтті қоғам белсендісі, «Сəтбаев қаласы «Любавушка» орыс этномəдени орталығы» ҚБ төрағасы Инна Мосунова.
Орайы келгенде айта кетейік, акцияға барлығы 4600- ден астам адам мен 63 бірлік арнайы техника жұмылдырылып, 90 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
Аманкелді АҚШАЛ.