ОБЛЫСТА ЕГІН САЛУ НАУҚАНЫ АЯҚТАЛЫП, ШЕГІРТКЕМЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ұлытау облысында болды. Жұмыс сапары барысында өңірдегі шегірткемен күрестің жүргізілу деңгейі, егістік салу науқанының аяқталуы қадағаланды.

Биыл Ұлытау облысында жалпы 29.5 мың гектар жер егістік алқабымен қамтылып отыр. Оның 24 мыңы астық, 4.5 мың гектары жемшөп дақылдары болса, картоп пен көкөніс тұқымы 1000 гектарға себілді. Ол үшін 400 ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылған.

Сондай-ақ кездесу барысында өңірдегі ауылшаруашылығы саласында инвестицияның арқасында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтар болсақ, Жаңаарқа ауданындағы етті қайта өңдеуге арналған комбинат, Жезқазғандағы құс фабрикасы және көкөніс сақтауға арналған орын, Сәтбаев қаласындағы құс етін өңдеуге арналған цех, жемшөп дақылдары мен картопты тамшылатып суару арқылы өсіру.

Одан бөлек, облыстағы және өзге жақын өңірлердегі зиянды және аса қауіпті организмдердің таралуы ықтимал аймақтық картасы таныстырылды. Биыл Жаңаарқа ауданында 5.9 гектар, Ұлытау ауданында 8.3 мың гектар аумаққа саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілген.

Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары мен ауыл шаруашылығы министрі облыстың шаруа қожалық иелерімен жүздесіп, пікір алмасты. Фермерлер кооператив құруда туындайтын мәселелер, ауа райы мен киіктердің егін шаруашылығына әсері, жұмыскерлер тапшылығы, аз пайыздық несиелеу, өңірде ветеринарлық зертхана ашуға қатысты сұрақтарын жолдады.