Облыста ең ірі шахмат академиясы ашылды
Жезқазған қаласында «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС қолдауымен əйгілі шахматшы, əлемнің бес дүркін чемпионы Жансая ƏБДІМƏЛІКТІҢ шахмат академиясының жаңа филиалы ашылды.
Заманауи үлгідегі нысанды Қазақстан Республикасының Туризм жəне спорт министрі Ербол Мырзабосынов арнайы келіп, салтанатты түрде ашты. Бұл – шараның маңыздылығын айқындай түсті.
– Ұлт ұясы – Ұлытауда сіздермен қауышқаныма қуаныштымын. Барлығыңызды академияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы спорт саласына ерекше көңіл бөлуде. Нəтижесінде спортшыларымыз əлемдік додаларда əрқашан биіктен көрініп келеді. Шахматта біздің спортшылар əлемдік додаларда өте жоғары нəтиже көрсетіп жүр. Елімізде 8 мыңнан астам шахмат үйірмелері жұмыс істейді. 270 мыңнан астам бала шахматпен айналысады. Жансаяның өзі халықаралық гроссмейстер. Əлемдік аренада топ жарып, өзінің спорттағы жолынан бөлек, балаларды спортқа баулып, оларға жол ашып жатыр. Келешекте осындай академиялардан əлемдік додаларды бағындыратын спортшылардың өсіп шығатынына сенімдімін, – деді Туризм жəне спорт министрі Ербол Мырзабосынов өз сөзінде.
Министрдің айтуынша, аталмыш орталық – еліміздегі ең ірі шахмат академиясы болып саналады. Мұнда Ұлытау облысының 5 пен 18 жас аралығындағы 1000-ға жуық бала шахмат өнерін меңгермек.
Академияның ашылу салтанатына Ұлытау облысының əкімі Дастан Рыспеков пен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нүриев те қатысты. Ұлытау облысының əкімі Дастан Рыспеков өз сөзінде өңірімізден танымал шахматшылар мен ел чемпиондары шығып, Ұлытау облысын тек республикалық деңгейде ғана емес, əлемдік аренада да таныстыратынына сенім білдірді.
Ал, Нұрахмет Нүриев Жезқазғандағы шахмат академиясы «Қазақмыс» корпорациясы мен Ұлытау облысы əкімдігі арасындағы меморандум аясында салынғанын, бұл елімізде спорт пен білім беруді дамыту үшін бизнес пен мемлекеттік ұйымдар арасында ынтымақтастықтың маңызды екенін көрсететінін атап өтті.
Орайы келгенде айта кетейік, 900 шаршы метр аумақты қамтитын жаңа филиалда оқушылар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген оқу орталығы болашақ чемпиондарға сапалы білім алуға мүмкіндік береді.
Академияның ашылуы аясында «KAZAKHMYS YOUTH TEAM CHESS CUP» атты алғашқы халықаралық балалар командалық турнирі ұйымдастырылды. Жарысқа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан жəне Моңғолиядан келген 100-ден астам жас шахматшы қатысты.
Жарыс қорытындысында бірінші орынды «Жансая Əбдімəлік-1 шахмат академиясы» командасының ойыншылары жеңіп алды. Екінші орынды Астана қаласының «Каисса – орталық шахмат клубы» командасы, үшінші орынды Беларусь Республикасының астанасы Минск қаласынан келген «Шахматтан республикалық олимпиадалық дайындау орталығы» командасы иеленді. Төртінші орынды «Shatranj шахмат мектебі» командасы, бесінші орынды «Мəскеу кешенді олимпиадалық резерві «Восток» спорт мектебі» командасы місе тұтты.
Жеңімпаздар кубокпен, дипломмен жəне ақшалай сыйлықпен марапатталды. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 8 млн. теңгені құрады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.