О, Ұлытау, қазақтың бас тауысың, Ерлігім, елдігімнің бастауысың…
Аса дарынды ақын, бұрынғы Жезқазған облысы аумағындағы өзінен кейінгі жырға құмар жас буынды өлең тылсымын терең түйсінуге бағыттау ісіне өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға Сайлаухан Нәкеновтің соңында болмысы бөлек жырлары қалғаны көзіқарақты оқырманға жақсы мәлім. Оның әр туындысы – иірімі нәзік, сезімнің мөлдір тамшылары. Өмірі өлеңмен өрілген қаламгердің адам мен заман жайындағы толғаныс-тебіреністері – ойлы ұрпақ еншісіндегі қастерлі қазына. Ол –
Ұлытауды жан-тәнімен сүйіп, оның қадірі мен қасиетін алғаусыз жырлаған ақындардың бірі әрі бірегейі. Асыл текті азаматтың Ұлт ұясының гимніне айналған «Ұлытау» әні (авторы – Жақсыкелді Сейілов) мәтінінің сөзін жазғаны – соның айғағы…
ЕКІ ДҮНИЕ ЖҰМАҒЫ
Өз жадына разы
Таба алмайсыз елді сіз.
Баяғының біразы –
Бүгін бізге белгісіз.
Баяғының көшін де
Ешкім көріп қайтпайды.
Ұлытаудың есінде
Болғанымен айтпайды.
«Ең алғашқы атты адам
Білген», – дейді әз дана,
Тотықұстай жаттаған
Сөз білеміз аз ғана.
Шалқар жерді шаң қылған
Он ғасырдан аспаймыз.
Кесенесін қалдырған
Алашадан бастаймыз.
Ұлтқа төнсе ұлы сын,
Қамал еді тас қорған.
Жошы хан да ұлысын
Ұлытаудан басқарған.
Елдің мұңын жоқтаған
Едігенің ұлы ісі,
Ұлытауда тоқтаған
Тоқтамыстың тынысы.
Аңыз айттық мың кісі,
Мейлің, қосыл, қосылма.
Адам Ата тұңғышы
Туған дейді осында.
Басталатын көгінде
Адамзаттың самғауы.
Тәңірінің тегін бе
Ұлытауды таңдауы?!
Бір қорытынды шығады,
Мүмкін емес қолдамау.
Екі дүние жұмағы
Ұлытауда болған-ау!
***
ҰЛЫТАУ.
ТАҢБАЛЫ ТАС
Даланың тектілері
Шетінен жатқан үлгі.
Бәрі де: «Көп тілегі
үшін», – деп атқа мінді.
Сынбастай жаудан сағы,
Түсірер таққа да арай.
Үміттің ауған шағы
Ұлытау жаққа қарай.
Себеді желегі әтір
Ел қонған етегінде.
Алатау келе жатыр
Жеті өзен жетегінде.
Жақындау сияқты арман,
Суытпай ыстық ізді,
Ұшқынды тұяқтардан
Үстірттің үсті қызды.
Айбаты асқан аймақ
Аямас елге төрді.
Намысын тасқа қайрап,
Жігерін жел көтерді.
Тәңірден тілеп тұрып,
Тілегін тыңдаса алған.
«Бірлік!» деп білек түріп,
Ант етіп таңба салған.
Аманат жолдаса елі,
Көрінбес қия шалғай.
«Ұлы тау» болмас еді –
Ұранға ұя салмай.
Көкшедей тауы көрік,
Алтайым – маңдайға құт…
Үріккен жауы көріп,
Біріккен қандай бақыт?!
***
АБАЙ және БАСҚАЛАР
Жаралды ма бағына,
Жыр-жетімдер жыламай,
Өлең-патша тағына
Өзі отырды Ұлы Абай.
Ентелеген ағыны
Ерке сезім – бұланай.
Еркелердің бәрінің
Есін алған Ұлы Абай.
Сылқым өлең – Әйгерім,
Сұлу өлең – Құралай.
Аруларды әй, керім
Сүйіп қойған ұлы Абай.
Тусақ тірі кезінде
Күн кешер ек қалайша?
Сұлулардың өзін де
Сүйе алмаймыз Абайша.
Абай – патша қалпында,
Алданбады арзанға.
Кезікті де алтынға,
Жолықты да маржанға.
Еске алмаса, еленіп,
Айта алмайсың елге наз.
Кенен ойға кенеліп,
Кемеңгер боп келген аз.
Қияметке жол шегер
Қия беттің лебі – ызғар.
Абай тірі болса егер,
Ақын болып неміз бар?
***
ДАНЫШПАН ДАЛА
Айтамысың, пәк далам, айтамысың,
Жер бетiнiң сен де бiр байтағысың.
Жауға шапсаң, жататын дейдi сенiң
Сағат сайын құйылып қайта күшiң.
Бар өзiңде батырлық, қайсар қылық,
Бар жомарттық, өзiңде байсалдылық.
Дұшпандарың у салған сырлы аяқты
Қайтарыпсың әдейi май салдырып.
Еркiндеп те, кетiптi ержетiп ел,
Қандай ұлы күшпенен тербетiп ең!
Мыс мұхиты толқыса жер астымен,
Дариялар тулапты жер бетiмен.
Бiр қиырдан бiрге ұшсам сұңқарға ерiп,
Келедi ол да өзiңдi iңкәр көрiп.
Торы мiнген төсiмдi теппесiн деп,
Қойшыға да қойыпсың тұлпар берiп.
Ағыс қандай, аққулар тағы ұшқандай,
Бәрiне де қарапсың данышпандай.
Дәл өзiңдей кемеңгер туа қалған
Әл-Фараби, Шоқан мен Қаныш қандай!
Бәз қалпыңнан айнымай тұршы, дана,
Ағыл-тегiл жыр бердiң жыршыға да.
Ән мен күйге толсын деп бар өмiрi,
Әр адамға берiпсiң бiр сыбаға.
Алыс кетсем, өзiңе асықтырып,
Сен келесiң ғұмырлық ғашық қылып,
Ғасырлардың оқимын шежiресiн,
«Дала» деген дастанды ашып тұрып.
***
Өнерге зергер хас адам
Тастан да мүсiн қашаған.
Қанжарды ойлап таппастан,
Кесенi бұрын жасаған.
Бәрiн де солай бастапты,
Армандар сондай асқақ-ты.
Өмiрi мен өнерiн
Тауларға жазып тастапты.
Омырауы ашық көйлектi
Жiгiтте сонда ой көп-тi.
Қолында жалғыз қарағай
Домбыра болып сөйлептi.
Ай менен Күннен жаралған
Арулар айтып ақ арман,
Даланың дарқан байлығы
Ән болып елге таралған.
Сал дала сақтап паң қалпын,
Адамы да оның аңғал-тын.
Серiлiк болып көрiндi
Садақтан ұшқан жамбы алтын.
***
ӘРБІР ҮЙІ АУЫЛДЫҢ
Құр жылтырап, сыртымен алдамайды,
Бейтаныс бол, таныс бол, талғамайды.
Барлығының көңілі ақша қардай,
Барлық үйде бір леп бар жанға жайлы.
Бір-бірінің аузынан бал жалайды,
Жақсылығын сатпайды, жалдамайды.
Қонақ түгіл, көршіге қой сояды,
Қара шаймен жүрегін жалғамайды.
Барлық кеуде күй төгер ақтарыла,
Ән ұласып жатады ақ таңына.
Әрбір үйі ауылдың — мейманхана,
Соқыр тиын алмайды жатқаныңа.
Тойып тұрсын қымыз бен етке мейлі,
Ешкім-ешкім табақтан шеттемейді.
Әрбір үйі ауылдың — ресторан,
Қанша кісі келсе де, кет демейді.
Қонақ келмей, көңілдер көктемейді,
Бесеу болсаң, он болсаң, көп демейді.
Ал қаланың ғұрпымен шікірейіп,
Бармай кетсең, барлық үй өкпелейді.
***
Асып кетсем мен бірде,
Көре алмайды тырсиып.
Бұта ексем Кеңгірге,
Бұттарына жүр сиіп.
Қорқаулардың кеш білдім
Қордаланған қайғысын.
Озып келген бестімін,
Бермей қойды бәйгісін.
Жылытпайды түсін де,
Мен жегендей ырысын.
Күншілдердің ішінде
Күн кешкенің құрысын.
Жаңбыр иісін сезгенде,
Жел тербетсе, майса мәз.
Жамандардан безгенде,
Жаны жайлау жайсаң аз.
Битке өкпелеп тонымды
Отқа салсам, не бітер?
Тауға берсем жонымды
Тынысымды кеңітер.
Таудан самал ескенде
Райымнан мен қайтам.
Ұлытаудан көшкенде
Ұрпағыма немді айтам?..
***
КӨШ
Көштiң бетiн ешкiм жоқ кең түсiнген,
Шықпағанды сезедi ел тісiңнен.
Көз алдыма келешек елестесе,
Жылап жатып оянам мен түсiмнен.
Қара тасқа заманның хаты түсер,
Жол үстінде жаманның аты түсер.
Жалтақ елдiң баласы жыпық келсе,
Жалқау елдiң баласы жатыпiшер.
Жатыпiшер жетедi-ау түбiмiзге,
Салқын саумал қалмады күбiмiзде.
Еш апаттың алдында болмауы үшiн,
Кесапаттың кiндiгін бүгін iзде.
Жылқысы жоқ мiнсе де ел есекке,
Төрт көзiңдi түгендеп, кел, есепке.
Кесапат пен кесiрден тазармаған
Көшiн түзей алмайды келешекке.
***
БАЛАМА
Үстінде жүрген кеменің
Қадірін жердің ұғады.
Думанды күндер дегенің
Дүбірлеп өте шығады.
Көңілге арман толса да,
Өмірге жүрмес өкпе-наз.
Қыс шіркін ұзақ болса да,
Көгеріп келген көктем аз.
Күйдіре білер, тоңдыра,
Тіршілік – күй ғой мың қақпай,
Шертуі қиын домбыра,
Шешуі қиын жұмбақтай.
Бос тұрған үйдей қаңырап,
Өмірге неге суықсың?
Бабадан қалған шаңырақ,
Әкеден қалған уықсың.
Тірлігі жақын-жуықтың
Бірлігі болса, қашам ба?!
Шаңырақтың да, уықтың
Міндеті ауыр қашанда!
***
ҰЛЫТАУДЫҢ ЖЫРШЫСЫ
(Қуаныш Ахметовке)
Құланы дүбірлетсе құба белді,
Төбеге көтереді ұланы елді.
Арқырап жер астында жүріп-жүріп,
Жарқырап бір-ақ күнде шыға келді.
Кең қолтық, кең қонышты Қыр қазағы,
Ұмсынып ұшар шыңға, жыр жазады.
Өзіне қанша мадақ айтылса да,
Ұлытау үндемейді бір ғажабы.
Ақын ғой аңқылдаған ер денелі,
Есепсіз еркелетті Ерден елі.
Осында, Ұлы Дала аян беріп,
Отыз жыл бұрын іздеп келген еді.
Шындыққа түспегенде шырақ мүлде,
Білмеймін қоярымды сұрақ кімге.
Ойланып ұзақ жүріп, көшіп кетті ол,
Кітаптарын арқалап бір-ақ күнде.
Айтады Астанадан нені еліне,
Бір кітап келгені ме кемеліне?
Басынан Бәйтеректің Ұлытауға
Алыстан бір қарайын дегені ме?..
***
САҚТАЙ АЛМАДЫҚ…
(Композитор Жақсыгелді Сейілов
рухы алдында)
Құлының қалды желіде,
Үстінен бұлттар көшті ауыр.
Өкініп қалған еліңе
Өксігің болса, кеш, бауыр!..
Талантты салмай саудаға,
Тәңірден ғана тіледің.
Сүйініп Ұлытауға да,
Сыйынып өскен ұл едің.
Қонбайды әсте бақ қуға,
Ақ бата алдың жоралғы.
Кеңгірден қайтқан аққу да
Әніңді айтып оралды.
Жүйрік ең ұшар алқынбай,
Тұлпардай баптай алмадық.
Сандыққа салған алтындай,
Біз сені сақтай алмадық…
***
ҰЛЫТАУ
О, Ұлытау, қазақтың бас тауысың,
Ерлігім, елдігімнің бастауысың.
Ұлы депті алты алаш ұран салып,
Өзге таулар өзіңнен аспау үшін.
Ұлылықты мен сенен енді көрдім,
Ұраны боп бүгінге келдің ердің.
Шежіреңді, шеріңді оқып тұрмын,
Арасынан таңба мен белгілердің.
Не көрмедің, қолбасшым, не көрмедің?!
Не көрмедің, жолбасшым, не көрмедің?!
Қалың қазақ, япырмай, қайтер еді,
Ұлытауым болмаса егер менің?!..
Қорғасын деп қазақтың ар-намысын,
Қойған сені қамал ғып қорған үшін.
Жошыға да атылдың жолбарыс боп,
«Азаттық» деген ұлы арман үшін.
Сен ежелден даламның ырысындай,
Тынысындай бір жер ең, гүлі сынбай.
Шұғыламен шыңдарың жарқырайды,
Бабалардың ақ алмас қылышындай.
Аруаналы, тұлпарлы атандың жер,
Шыңдарыңа қайраған атам жігер.
Үлкен жолға жүретін бір ұлың ем,
О, Ұлытау, сен маған батаңды бер!