Қоғамның қорғаны – тәртіп сақшылары
Жаздың жайма-шуақ мезгілінде ерекше аталып өтілетін кәсіби мерекелердің бірі – Қазақстан полициясы күні. Бұл мереке елімізде 1992 жылы 23 маусымда қабылданған «Қазақстан Ішкі істер органдары туралы» Заңымен тығыз байланысты. Бертін келе 2007 жылы 5 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» ҚР Заңының қабылдауына орай 23 маусымды Полиция күні деп бекітті. Содан бері бұл күн – жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болған сала ардагерлеріне және бүгінгі сапта еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлеріне отандастарымыздың ризашылық пен алғыс сезімдерін білдіретін күні болып саналады.
Бүгінде құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен тыныштықты қорғайтын қуатты құрылымға айналды. Ішкі істер органдары жеке және заңды тұлғалардың, қоғамның қауіпсіздігін, құқықтық тәртібін қорғауда маңызды рөл атқарып келеді. Әрдайым тәртіп сақшыларының қызметі жауапты әрі қажетті мамандық ретінде жоғары бағаланады.
Аталған мереке қарсаңында Ұлытау аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Жәнібек НАУРЫЗБАЕВПЕН тілдесіп, аз-кем әңгімелескен едік…
– Жәнібек Болатұлы, мерекеңізбен! Әуелі сөз басын ауданда қолға алып отырған жұмысыңыздан бастасаңыз…
– Аудан көлемінде қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу, азаматтардың Конституциялық құқықтарын қорғау, біз үшін ең басты міндет. Бұл міндетті дұрыс орындау үшін аудан көлемінде тәртіпті күшейту мақсатында профилактикалық іс-шараларды ұдайы жүргізіп отырамыз. Біздің аудан аумағы жағынан көлемді өңір. Бұрынғы екі ауданға тиесілі территория – бүгін бір ауданның иелігінде. Елді мекендер ауданнан шалғай жерде орналасқан. Соған қарамастан біз ауданда қоғамдық тәртіпті нығайтып, қылмыстың алдын алу шараларын мейлінше мінсіз атқаруға тырысамыз. Негізгі, біздің ұстанымымыз жергілікті халықпен тығыз байланыста болу. Осы ұстанымды алға тартқан учаскелік инспекторлар үнемі өз учаскесінің адамдарымен жақын араласып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп тұрады. Ең бастысы, еліміздің тыныштығы мен елдің қауіпсіздігін сақтау жолында аянбай еңбек етеміз. Қарамағымдағы полицейлерден өз қызметтерін адал атқаруды талап етемін!
– Жалпы, өзіңіз көптеген мәселенің жай-жапсарын біліп отырсыз. Жасыратыны жоқ, ауданда ең көп тіркелген қылмыс ол – мал ұрлығы. Осыған тосқауыл қойылмай келе жатыр, себебі неде?
– Оныңыз рас. Қазіргі өзекті мәселенің бірі – мал ұрлығы болып отыр. Мал ұрлығының басым бөлігі жайылымдық жерлерде болып жатқаны халыққа аян. Мұндағы басты себеп, мал иелері өздерінің малдарына бей-жай қарауынан болып отырған мәселе. Малдарын күнделікті қарап отырмайды. Төрт түліктің қашан, қалай жоғалғанын толық білмейді. Әуелі малдарын өздері іздеп, кейін арада бірнеше уақыт өткеннен кейін малдарының жоғалғанын айтып, полицияға арызданады. Мұндай жағдай, полиция қызметкерлеріне қылмысты тез ашуға қиындық тудыратыны анық. Көбінесе тұрғындар малдарын көктемде жайылымға жіберіп, күз түскенде іздеуді әдетке айналдырып алған. Былай қарағанда, бұл үлкен қателік.
Тағы да бір тоқтала кететін мәселе, малдарды таңбалау және чиптік жағы баяу орындалуда. Кей уақыттарда мал иелері малдарының құжаттары толық болмауы салдарынан полицияға шағымданғанда өз малдары екенін құжат арқылы дәлелдей алмай да жатады. Осындай жақтары мал иелері тарапынан көп кездеседі. Қазіргі ауданда ұрланды деген төрт түлік – жылқы мен ірі қара малдары. Бұлардың өзі ұрланды дегенмен, кей кездері біраз уақыт өткен соң малдың табылғаны немесе өлекселерінің әр жерден шығып жатқаны белгілі болып жатады. Осының бәрі малды бақпағаннан болып отырған жәйт. Мал бағу жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Алайда, осы мәселе бір жүйеге келмей қойды. Соның салдарынан мал ұрлығы, жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Бұлардың барлығы малдардың өз еркімен, қараусыз жайылуынан болып отыр. Басты себеп, жәбірленушінің полиция бөліміне дер кезінде хабарламауынан қылмыстың беті ашылмай қала береді. Кеш хабарлаудың салдарынан мал иелерінің ақ адал малдары қолды болып жатады. Осы орайда, еске салатыным, мал иелері мал ұрланған кезде дереу шағымдану керек. Сонда ұрыны ұзатпай құрықтауға болады. Біз, бүгін осы проблемаларды барынша оңтайлы шешуге күш салып, полицейлерді ұрлыққа тосқауыл қоюға жұмылдырып отырмыз. Осы бағытта полицейлерге ұрылардың жолын кесудің алдын алу жұмыстары жүктеліп отыр.
– Ұлытау – қасиетті өлке ғой. Әулиетауға тәу етіп келетіндер қатары да аз емес. Әсіресе, жаз айларында туристердің көбірек келетіні мәлім. Осы кезеңде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін қандай шаралар жасалып жатыр?
– Біздің қазіргі мақсатымыз ішімдіксіз ауылды қалыптастыру. Өйткені, ішімдік бар жерде қылмыс болатыны бесенеден белгілі. Ауылдық округтерде ішімдіксіз ауылдарды көбейту. Қазір мысалы, Байқоңыр, Терісаққан ауылдарында ішімдік сатылмайды. Осы сияқты басқа ауылдарда да ішімдік сатылу доғарылса деген оймен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Әсіресе, ұлт ұясы – Ұлытаудың орталығында ішімдік сатылмаса, шарапқа әуес жандардың қатары да азайса, қасиетті жеріміздің де мерейі өсер еді ғой. Өйткені, Ұлытау киелі жер ғой. Бұл елдің адамдары да қасиетті жердің топырағын басқаннан кейін Әулиетаудың құдіреттілігін ескеріп, имандылыққа бет бұрып, жамандықтан аулақ болғаны дұрыс емес пе?!
Ал, ағымдағы жылдың бес айындағы атқарылған жұмыстар туралы мәлімет бере кетсем, аудан бойынша қылмыстық оқиға 18,2 пайызға азайды. Қазір 5 қылмыстық іс аяқталып отыр. 3 қылмыстық іс сотқа жолданып, 3 іс қысқартылды.
Бүгінгі күні күнделікті «Қарасора» деген атпен жол үстіндегі көлік жүргізушілермен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар тек мал ұрлығына ғана емес, жол ережесін мұқият сақтауға, тәртіпті қадағалауға, көлік жүргізушілерінің құжаттары дұрыс болуына үлкен мән беретін іс-шаралар. Көлік жүргізушілердің құжаттары талапқа сай болмаса, әкімшілік хаттама толтырылады. Қалай айтсақ та біздің ұйымдастыру жұмыстарымыз бен профилактикалық шаралардың дер кезінде жүргізілуі, үйлестірілуі баршамызға тиімді екенін уақыт көрсетіп отыр. Сол үшін заңды бағалау, тәртіпті сақтауды басты назарға ұстағанымыз абзал. Сонымен қатар, бөлімнің табиғатты қорғау жөніндегі полиция қызметкерлері тау бөктері мен орман-тоғайларда демалып жатқан азаматтарды бақылап, сақтық шараларын түсіндіріп отырады. Бұл біздің жаз мезгіліндегі негізгі жұмыстарымыздың бірі.
– Жәнібек Болатұлы, кәсіби мерекелеріңіздің қарсаңында өз әріптес леріңіздің қарсаңында өз әріптестеріңізге қандай тілек айтар едіңіз?
– Газет арқылы әріптестеріме айтарым, жұмысты жақсы істеудің бірі ғана тәсілі бар – ол жауапкершілікті екі есе арттыру. Біздің басты ұстанымыз – елімізге адал қызмет ету. Мемлекет пен қоғам бізден Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне сай нағыз перзенттік адалдықты күтеді. Сіздер сол үмітті ақтаңыздар!
– Уақытыңызды бөліп, сауалдарға нақты жауап бергеніңіз үшін рахмет!
Әңгімелескен
Қайрат ЖҰМАБАЙ.