Қоғам тыныштығы үшін қызмет етемін, – дейді учаскелік полиция инспекторы
Кәмелетке толмағандар мен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу – учаскелік инспектордың күнделікті жұмысындағы басты бағыттардың бірі. Біз төменде осындай, қоғам тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тынбай қызмет етіп жүрген полиция қызметкері жайлы сыр шерткелі отырмыз.
Полиция қызметкері Қайрат Жәкенов – Ұлытау ауданының тумасы. Кішкентайынан елге қызмет етуді армандаған ол бүгінде туған жерінде құқықтық тәртіпті сақтау жолында еңбек етіп келеді. Қызмет жолын 13 жыл бұрын бастаған азамат алғашқы еңбек жолын Жезді кентінде учаскелік полиция инспекторының көмекшісі ретінде бастап, онда төрт жыл бойы халықпен тығыз жұмыс істеді. Қазіргі таңда Ұлытау ауылдық округі бойынша жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы ретінде еңбек етуде.
– Полиция формасын киген сәттен бастап мойныңа үлкен жауапкершілік жүктеледі. Бұл – ел сенімі, халықтың тыныштығы, қоғамның тұрақтылығы. Учаскелік инспектор болу – тек тәртіп бұзғандарға шара қолданумен шектелмейді. Керісінше, басты міндет – қылмыстың алдын алу, түсіндіру, тәрбиелеу, — дейді Қайрат Жәкенов.
Қайраттың айтуынша, учаскелік инспектор жергілікті тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін тұлға. Ол – елдің мұң-мұқтажын тыңдайтын, қажет кезде көмек қолын созатын, жастарға бағытбағдар беретін адам. Сол себепті бұл қызметтің жүгі де жеңіл емес.
Ол қызметтен тыс уақытта да ауылдың тыныс-тіршілігіне бейжай қарамайды. Жастармен жиі кездесіп, құқықтық сауаттылықты арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау, отбасындағы дау-жанжалдың алдын алу, тұрмыстық құқықбұзушылықтың себептерін жою бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Қайраттың тәртіп саласын таңдауына ата-анасының еңбексүйгіштігі мен қарапайым өмір жолы әсер еткен. Әкесі Жалғасбай Мұхамеджан ауыл шаруашылығы саласында механизатор болып еңбек етсе, кейін ауыл мектебінде күзетші қызметін атқарған. Анасы Күлсін Құрманғалиева да ауыл шаруашылығында жұмыс істеген. Осындай еңбекқор отбасында тәрбиеленген Қайрат үшін адал қызмет ету – басты қағида.
Бүгінгі таңда Қайрат Жәкенов – өз ісіне адал, ел тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкері. Ол тәртіп сақшысы ғана емес, ауылдағы азаматтармен тығыз байланыста, әр адамның мәселесіне бей-жай қарамайтын жан. Елге деген жанашырлық пен шынайы жауапкершілік – оның басты қасиеті.
Полиция күні қарсаңында Қайрат секілді азаматтарымызға зор алғысымызды білдіре отырып, қызметтеріне сәттілік тілейміз!
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.