Әнші, сазгер һәм азамат
Болат Есмұханов шығармашылық кешін өткізді
Сейсенбі күні Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мəдениет үйінде, елімізде аты аңызға айналған «Қаракөз» вокалды аспаптар ансамблінің негізін қалаушы композитор, əнші Болат Есмұханның шығармашылық кеші өтті. «Жарығым-ай» деген атаумен өткен өнер кешіне еліміздің бірқатар жарық жұлдыздары да қатысты.
Белгілі əнші-композитор, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Болат Есмұханның есімі өнерсүйер қауымға етене таныс. Сонау алпысыншы жылдардың ортасында қазақ эстрадасына өзіндік жаңа леп, жаңа бағытпен келген өнер иесі республикаға белгілі «Қаракөз» ансамблінің негізін қалаған өнерпаздардың бірі.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары эстрадаға жаңа леп, жаңа толқын келе бастады. Сол кездің жастары «ДосМұқасан» ансамблімен қатар шалғай өңірде құрылған «Қаракөздің» де əндерін тыңдайтын. Соның бірі – «Сағыныш» əні еді. Кешкісін, аулаға жиналған жастар гитараға қосылып «Қанша сұлу жүрсе де, көргім келіп күн сайын» деп шырқап отыратын. Ал, бұл əн бүгінде жетпістің бесеуіне келіп отырған Болат Есмұханның жиырма жасында жазған тұңғыш əні еді.
Жалпы, Бөкең елге əншілігімен ғана емес, дарынды сазгер ретінде де ерте танылды. Оның алғашқы əні Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған əлгіндегі «Сағыныш» əні болса, кейін «Оянған махаббат», «Махаббат мұңы», «Сен кінəлі емессің», «Сəнімау», «Асылым» сынды əуезді əндерін ел сүйіп тыңдайтын болды. Ал, «Сəнім-ау» əнін сол кезде ашылған Жезқазған филармониясына арнайы жолдамамен келген эстрада жəне цирк студиясының түлегі Мара Карапиноваға арнады деседі білетіндер. Кейін жас сазгердің жүрегін жаулаған cол сұлу өмір мен өнердегі серігіне айналды.
1995 жылы Көкшетауда қазақ музыкалық драма театры бой көтеріп, жары Мара Есмұханованы жұмысқа шақырды. Болат туған жерін қимаса да Ұлытаудан Көкшетауға қоныс аударды. Жаңа қала, жаңа орта оның шабытына шабыт берді. Екі күннің бірінде жаңбыры дайын тұратын Көкшенің кеші сазгерге «Жаңбырлы кеш» əнін тудырса, елге, жерге деген сағыныш «Əке», «Ауылға кеткім келеді» сынды өміршең əндерді өмірге келуіне себепкер болды.
2020 жылы Болат Есмұханға «Жезқазған қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Салтанатты кеште Болат, Мара Есмұхановтар тамылжыта əн шырқады. Жезқазғандықтар да жерлестерін сағынғаны соншалық, дуылдата қол шапалақтап көпке дейін сахнадан жібермей қойды.
Есмұхановтар əулетін өнер қонған отбасы десек болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Бөкеңнің жары Мара Есмұханова елімізге белгілі жезтаңдай əнші, Жүсіпбек Елебековтің шəкірті. Үлкен ұлы Қамбар – кинорежиссер. Інісі Ахмедия Есмұқанов та – композитор. Оның «Тамшылар», «Бір тамшы жас», «Есіл ағады», «Ескерткіш» əндері халық арасында кеңінен танымал. Əттең, сұм ажал арамыздан алып кетті…
… Халықтар достығы мен мəдениет үйінің кең залын кернеген соло гитараның дауысы ышқына, үздіге шығып барып бəсеңдей берді. «Жарығым-ай… Деуші еді ғой жалғыздың жары құдай… Жарығым-ай…»
Əн де аяқталды. Ел бір сəт сілтідей тына қалған. Суланған жанар. Тырс-тырс тамған көз жасы. Əнебір жерден өксік те естіліп қалғандай болды. Кім біледі, бұл үнсіздік осылай жалғаса берер ме еді?! Есін ертерек жиған біреу жайлап орнынан тұрып шапалақ ұрды. Сонда барып ел дүр етіп орындарынан көтерілді. Осының бəрі қас-қағым сəтте ғана болған əрекет. Бірақ əннің əсері оны осылай шексіздікке əкелгендей еді. Ал бұл əне Болат Есмұханның жан досы Жақсыкелді Сейіловке арнап Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазған «Жарығым-ай» əні еді…
Кеш соңында Болат Есмұхановты Ұлытау облысы мəдениет жəне тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы Əнуар Омар құттықтады. Өнер тарланына Мəдениет жəне спорт министрлігінің «Өнер саласының үздігі» төсбелгісі мен облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлының Құттықтау хаты табысталды. Айта кетейік, Болат Есмұхановтың шығармашылық кешін өтуіне облыстық əкімдік мұрындық болды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ