Өнім көлемін ұлғайту қажет
Жасыратыны жоқ, халық тұтынатын азықтүлік түрлерінің саусақпен санарлығы ғана өзімізде өндіріледі. Өзгелерін таяу, шалғай шет елдерден əкелеміз. Аймақ басшысы Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ төрағалығымен өткен аппарат жиынында осы мəселе егжей-тегжейлі сөз болды. Өңір басшысы тауар өндірушілерге өнім көлемін ұлғайтуды тапсырды.
Ұлытау облысы өндіріс пен ауыл шаруашылығы қатар өрістеген өңір. Алайда, соның соңғысының өнімін өндіруде кенжелеу көп. Əрине, даму да бар. Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайту шаралары туралы есеп берген Ұлытау облысының Ауыл шаруашылығы жəне жер қатынастары басқармасының басшысы Қайрат Мутаев баяндамасында бұл айқын аңғарылып тұрды. Оның айтуынша, облыс аумағында егістік алқабы 29 500 гектарды құрайды. Оның ішінде: бидай – 21 300 гектар, арпа – 2 700 гектар болса, 4 700 гектары мал азығына, 800 гектары картоп пен көкөніске пайдаланылады. Осы орайда ерекше атап өтетін бір жайт, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бидай егу бойынша жоспары 20,0 мың гектар болса, облыста бұл көрсеткіш 21,3 мың гектарға жетіп отыр, орындалуы 106,5 процент. Мал азығы бойынша қойылған индикативтік жоспар 4 000 гектарды құраса, облыс бойынша көрсеткіш 4 700 гектар, орындалуы 117,5 процентті құрайды. Сонымен қатар, өсімдік шаруашылығы саласында 2023 жылы егін жинау науқанында толассыз жауған жаңбырлардың себебінен өнімділік 5 ц/га құраған болатын, биылғы жылы өнімділік 10-12 ц/га дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық тұқымдарының үлесі бойынша жоспар 10 пайызды құрайды, ағымдағы жылы 2 500 тоннаға жуық тұқым сатып алынды, оның ішінде элиталық тұқымдардың үлесі 10,2 пайызды құрайды, яғни орындалуы 102 процентті құрап отыр.
Басқарма басшысының баяндамасын тыңдаған облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуда қадап айтты. Əрине өнім түрлерін де көбейту қажеттігін қатаң ескертті.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.