Өнегелі зейнеткер – көпке үлгі

Əр отбасының дана қариясы, ақылшы əжесі атанып отырған қазыналы қарттардың қоғамдағы алар орны ерекше. «Ақсақал» деп ардақ тұтып жүрген қарт адамдар қашанда елдің тыныштығы мен бірлік-берекесін тілейді. Сондай тілеуқор ардагердің бірі, терісаққандық зейнеткер Ғазиз БҰҚАРБАЕВ.

Бұл кісі ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан еңбек адамы. Терісаққан ауылының өсіп-өркендеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған азаматтар қатарынан. Қырық жылдан астам ауыл шаруашылығында еңбек еткен Ғазекең алғашқы еңбек жолын Шеңбер кеңшарында жылқышы болып бастады. Сол жылдарда əйгілі жылқышы Қайырбек Қариннің тəрбиесінен өтіп, жылқы бағуға деген құлшынысы артады. Кейіннен «К-700» тракторының тізгінін ұстайды. 1980 жылы Терісаққан кеңшары ашылғанда сол өңірде ірі қара малын бақты. Былай қарағанда, мал бағудың қыр-сырын меңгерген дала перзенті. Жасынан еңбекке етене өскен Ғазекең қиындық көрсе жасымады, жетістікке жетсе тасымады. Сол баяғы байсалды қалпын сақтады. Əрдайым ұстанымы адалдық пен жауапкершілік болды.
Екінші бір қыры Ғазекең апайтөс балуан болатын. Жаратылысынан балуан денелі күреске бейім болды. Боз кілемде қатарластарымен белдесіп, үнемі жығып жүретін. Талай «мықтымын» деген балуандарды тізе бүктіріп, жеңіске жеткеніне куə болғанбыз. 1967 жылы Жезді кентінде өткен турнирде жүлделі бірінші орынға иеленген. Қазақ күресінен жеңіске жеткен жетістіктері үшін бірнеше дипломдармен марапатталған. Жастық шағында балуандығымен көзге түскен кісі. Бүгінде 76 жасқа шыққан Ғазекең ауыл халқы алдында сыйлы, отбасында арқасүйер əке, үлкен əулеттің ақылшы атасы. Зайыбы Зылиха екеуі он бала тəрбиелеп, солардан 38 немере, 27 шөбере сүйіп отыр. Əулеттің əжесі Зылиха Каримова «Батыр ана», «Алтын алқа» иегері.
Халқымызда «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бер» деген аталы сөз бар. Сол бармақтай бақ берген жаратқанның игілігіне Ғазекеңнің əулеті ие болған сияқты. Ұлдары төрт түлік малды өсіріп, ауылда абыройлы еңбек етіп жүр. «Əке көрген оқ жонар» демекші, балалары шаруаға бейім, спортқа жақын. Жылқы өсірудің де қыр-сырын меңгеріп, бұрынғы əке кəсібін лайықты жалғастырып келеді. Əулеттің шаруасын шалқытқан балалары Көлбай, Медет, Бекзат төрт түлікті бағып, көбейтіп, ырыс пен берекеге жетіп отыр. Ал, Ғазекең бір отбасының ғана атасы емес, сол Терісаққан ауылының бетке ұстар үлкені, көшбасшысы. Ауылдастары «Ғазеке» деп ерекше құрмет тұтады. Бұл кісі көп сөзге жоқ, сөзден гөрі іске мығым кісі. Табиғатынан мінезі салмақты. Балаларына əкелік өсиетін айтып, оларды еңбексүйгіш етіп тəрбиеледі. Ұлдары əке өсиетіне адал болып, əр салада қажырлы еңбек етіп жүр. Оларды көріп Ғазекеңнің көңілі марқаяды. Мұның бəрі ерінбей еңбек еткен еңбектің арқасы, бейнетке толы еңбектің жемісі. Осы мақалада кеңінен сөз еткен еңбек ардагері Ғазиз Бұқарбаев бейнетпен шыңдалған, өз ортасына еңбегімен сыйлы болған адам. Өмірі мен еңбек жолы өзгелерге үлгі өнеге боларлықтай.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.