Нағыз бақыт – иманда

Халқымыз тәрбиелі, жылыжүзді, инабатты, көргенді адамды «иманжүзді» деп жатады. Сондай-ақ, өмірден өтіп кеткен адамға «иманды болсын», «өліге – иман, тіріге береке берсін» деген сөздерді де жиі естиміз. Олай болса, «иман» деген не? «Иман» тек қайтқан адамдарға ғана қатысты ма? Иманның тірі пенденің өміріндегі мәні қандай? Бұл сұраққа діни тұрғыдан жауап іздеп көрейік…

Иман – араб тілінен аударғанда, «сенім» деген мағынаны білдіреді. Иманды болу құранда «ә әманә» деген етістікпен беріледі екен. Өз кезегінде бұл сөз «әмн», яғни, қауіпсіздік деген ұғымды көрсетеді. Қысқаша айтқанда, иманды адам – екі дүниеде де қауіпсіздікте болады екен. Бұл дүниеде тіршіліктің сергелдеңі мен уайымынан, ал мәңгі өмірде күйзелтуші мәңгі азаптан аман болады деген сөз.

Шариғаттағы мағынасында иман – соңғы Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с) әкелген барлық нәрсесін мойындап, қабылдау, жүзеге асыру деген мағына. Абай атамызша айтсақ: «әрбір ақылы бар адамға иман – парыз, әрбір иманы бар адамға – ғибадат (құлшылық) парыз» екен. Егер хадиске жүгінсек, иман тілімен айтылып, жүректе бекіп, дене мүшелерімен амалға асырылуы керек. Ардақты Пайғамбарымыз өз хадисінде: «Иманның жетпістен артық бұтақтары бар. Ең жоғарғысы – лә иләһә иллә Аллаһ, ең төменгісі – жолдағы кедергіні алып тастау» дейді. Басқа діндегі адам Ислам дінін қабылдар болса, «лә иләһә иллә Аллаһ, Мухаммәдур расулуллаһ», яғни, «Алладан басқа құлшылыққа лайық Құдай жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі» деп айтуы – міндет! Осы сөзді куәлар алдында айтқан адам – мұсылман болады. Бұл сөзді шын жүрекпен түсініп айтқан адам өмірде қателесіп, күнәлар жасаған болса, ақиретте күнәларына сай тозақта жазаланған соң шығарылып, жәннатқа кіреді. Иманы жоқ адам тозақта мәңгі қалады. Олай болса, бұл сөз – біздің мәңгі бақытқа қол жеткізуіміздің кілті екен. Бірақ, бір өкініштісі сол, мұсылманбыз деп кеуде кергендердің көпшілігі осы сөздің өзін біле бермейді. Кейбірі айта білгенмен, мән-мағынасын түсінбейді. Түсінген күнде де, тіршілікте соған сай амал жасауға асыға қоймайтыны тағы бар…

Көбінесе көпшілік халық мешітке өмірден озған жақындары түсіне кіргенде, немесе жақыны қайтыс болса ғана барады. Соларға дұға бағыштатқан соң, мойнынан барлық парыздары түскендей болады. Сол оқылып жатқан Құранда не айтылып жатыр, біздерге не бұйырылып жатқанына бас қатырып жатпайды. Өкінішке орай, өз парыздарымызды үйрену мен орындауға келгенде, белсенділігіміз бәсеңсіп қалатыны да рас. Дүниеде қаншама адам иманға келмеген соң, жалған дүниенің алдамшы мақсаттарын қуып, құнды өмірін құнсыз нәрселерге әуестікпен өткеруде. Ойланып қарасақ, олардың жағдайлары иман тұрғысынан алғанда тым аянышты екенін көреміз. Шынайы иманға келген адамдар ғана өмірдің мәнісін түсініп, не үшін жаратылғанын біледі. Жаратушысына құлшылық ету арқылы ғана жаратылғандарға құл болудан азат етілуде. Осылайша, имандылар барлық жұмырбастылардың басқа жақтан таппай жүрген бақытына қол жеткізіп жүр.

Алла Тағала бізді не үшін жаратқанын Құранда былай дейді: «Жындар мен адамдарды тек қана Өзіме құлшылық етулері үшін жараттым» («Зәрият» сүресі, 56-аят). Құлшылық қартайғанда ететін қарекет емес. Жастық шақта бойда күш буырқанып тұрғанда, сол күшті күнәға жұмсамай тежеп, жақсы амалдарды атқаруға жұмсау!

Шариғатта «балиғат жасы» деген түсінік бар. Бұл – қыз баланың әйел адамға тән белгілері, ал, ер баланың еркектік белгілері біліне бастаған, яғни 12-15 жастар аралығы. Міне, осы жастан бастап екі иықтағы періште адамның әр іс-әрекеті мен әр сөзін жаза бастайды. Құлшылықтарда осы шақтан бастап парыз болады. Олай болса, «маған намаз оқуға әлі ерте, зейнеткерлікке шығайын» деуіміз ыңғайсыздау сылтау екен. «Ал, кім Аллаға құл болудан арланса немесе тәкәппар болса, кім оған құлшылықтан арланып, дандайсыса, сонда оларды тұтас өз тарапына жинайды» («Ниса» сүресі, 172-аят). Еліміздің әр азаматы иманды болса, арман бар ма?! Қоғам имандылыққа қол жеткізсе жемқорлық, парақорлық, нашақорлық, зинақорлық сияқты қылықтардан оңай құтылар едік. Алайда, бүгінгі қоғамда бәрі басқаша болып отыр.

Бұл өмірде мәңгі жасайтын ешкім жоқ. Иманға қарағанда ақша мен дүниені, сауық-сайран мен қызық қууды артық санағандар, ақиретте қойылатын сұрақтарға жауап бере алмай, кібіртіктеп қана қоймай, қабір азабына және тозақ отына душар болары анық. Өйткені Алла Тағала бізді Өзіне құлшылық етуіміз үшін, осы сынақ – өмірге жіберді. Тіршіліктің түбі өліммен аяқталатыны аян. Адам мәңгі өмір үшін жаралған. Біреулер бұл дүниеде қиындыққа шыдап, мәңгі өмірдің рахатына бөленсе, енді біреулер алдамшы да, өткінші өмірдің қызықтарына қызығып, мәңгі жәннаттан құр қалып, азапқа душар болады. Ендеше, нағыз бақыт – иманда екенін естен шығармайық, қадірлі жәмиғат!

Әнуарбек қажы ДӘУЛЕТКЕЛДІҰЛЫ,

«Шубай ата» атындағы мешіттің имамы.

САРЫСУ ауылы.